Сенат МӘМС жарналарын көтеруге қатысты заңды мақұлдады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
МӘМС жүйесімен қамтылған азаматтар саны артады / Коллаж: Kursiv.media архиві

Қазақстанда мемлекет тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) төленетін жарналар көлемі кезең-кезеңімен артады. Нақты айтқанда, 2027 жылдан бастап 2037 жылға дейін мемлекет тарапынан МӘМС жүйесіне төленетін жарналардың мөлшері қазіргі 2,2%-дан 4,7%-ға дейін, яғни екі есеге артады. Бұл өзгерістер МӘМС мәселелері бойынша заңнама актілеріне енгізілген өзгерістер туралы заңда көзделген. Аталған заң жобасын Сенат екінші оқылымда мақұлдады.

Баршаға қолжетімді базалық медициналық пакет пайда болады

Мәжіліс депутаты Айнұр Арғынбекова атап өткендей, 2026 жылдан бастап барлық азаматтарға арналған бірыңғай базалық медициналық көмек пакеті енгізіледі. Бұл пакетке келесі қызметтер кіреді:

  • Жедел және шұғыл медициналық көмек;
  • Паллиативтік көмек;
  • Маңызды ауруларды емдеу (мысалы, жұқпалы немесе әлеуметтік маңызы бар аурулар – туберкулез, АИВ);
  • Белгілі бір скринингтер.

Ал алғашқы медициналық-санитариялық көмек (бастапқы қабылдаудан басқа) МӘМС жүйесіне ауыстырылады. Яғни, бұл қызмет түрі тек сақтандырылған азаматтарға ғана қолжетімді болады.

«Көрсетілетін қызметтер көлемінің қайта бөлінуін ескере отырып, МӘМС жүйесіне түсетін жүктеме артады. Осыған байланысты заң жобасында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар қарастырылған», – деді депутат Арғынбекова.

Жарна есептеу үшін жаңа шекті мөлшерлер енгізіледі

2026 жылдың қаңтарынан бастап МӘМС жарналарын есептеу үшін жаңа шекті мөлшерлер енгізіледі:

  • Жұмыс берушілер үшін – 40 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) дейін;
  • Жұмыскерлер үшін – 20 ЕТЖ дейін.

Бұл өзгеріс жоғары табысы бар еңбекке қабілетті азаматтардың шамамен 9%-ын қамтиды. МӘМС жүйесінің кірісі жыл сайын шамамен 200 млрд теңгеге артады деп күтілуде.

2027 жылдан бастап 2037 жылға дейін мемлекет төлейтін жарна мөлшері 2,2%-дан 4,7%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі. Бұл жүйені тұрақты қаржыландыруға бағытталған.

МӘМС жүйесімен қамтылған азаматтар саны артады

Бүгінде Қазақстанда 3 миллионнан астам азамат МӘМС жүйесіне кірмеген, оның ішінде шамамен 1 миллионы – ресми тіркелген жұмыссыздар және әлеуметтік осал топ өкілдері. Енді егер олар медициналық көмекке жүгінсе, акиматтар бұл азаматтар үшін жарна төлеуге міндетті болады.

«Тек 2026 жылы МӘМС жүйесіне қосымша 1 миллионнан астам азамат қосылады деп болжануда, бұл – халықтың шамамен 5%-ы деген сөз», – деді Арғынбекова.

 Жарна төлеу тоқтатылса – мәртебе уақытша сақталады

Егер азамат бес жыл қатарынан жүйеге жарна төлеген болса, төлем уақытша тоқтатылған күннен бастап 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Ал егер бұл мерзімнен кейін де жарна төлеу тоқтатылса, азамат жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Сол кезде ол МӘМС аясында медициналық көмек алуға құқылы болады.

Еске салсақ, осыған дейін ДСМ 2025 жылдан бастап МӘМС жарнасы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінен 50 есеге дейін артатынын мәлімдеген еді.  

Сондай-ақ оқыңыз