Шымкентте суицид жасауды ойлаған 600 бала құтқарылған

Шымкентте жыл басынан бері 21 бала өзіне-өзі қол салған. Олардың бесеуі қайтыс болып, қалғаны аман қалған. Балалардың суицидке бару себебі де, әлеуметтік жағдайы та әртүрлі. Мамандар көп жағдайда балалардың тыңдаусыз қалуы қайғылы жағдайларға алып келетінін айтады.
«Бала үшін ата-ананың өзімен жиі сырласуы маңызды», – дейді Шымкент қалалық білім басқармасы психалогиялық қолдау орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Жандар Төлеген.
Бүгін Шымкентте қалалық білім басқармасы және қалалық денсаулық сақтау басқармасы балалар арасындағы суицид тақырыбында семинар өтті. Мақсат – дағдарыс жағдайындағы балаларды ерте анықтау және оларға қолдау көрсету. Онда дәрігерлер, мектеп және емдеу мекемелерінің психологтары қатысты.
«Біз мұнда өте маңызды мәселені талқылауға келдік. Балалар арасындағы суицид дерлік дүниежүзін алаңдатып отыр. Қазіргі балалар мен жасөспірімдер түрлі психоэмоционалдық мәселелермен бетпе-бет келуде. Бұл – жасөспірім шақ, мектеп, отбасылық жағдай. Сондықтан біз балалардың қиын жағдайға тап болғанын дер кезінде анықтап, қол ұшын созуымыз керек. Яғни суицидке оқталудың алдын алуымыз қажет», –деді семинарда Шымкент қалалық психикалық денсаулық сақтау орталығының бас дәрігері Медет Болатов.
Шымкент қалалық білім басқармасы психалогиялық қолдау орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Жандар Төлегеннің айтуынша, балалар арасындағы суицид мәселесі әлі де өзекті. Суицид жасаған балалар саны да көп.
«Өкінішке қарай, балалардың арасында өзіне-өзі қол салу оқиғалары жиі кездесуде. Оларға қалай көмектесе аламыз? Толық отбасы немесе толық емес отбасындағы балалар суицидке бейім деп айта алмаймыз. Себебі орталық зерттеген кезде барлығының бір ортақ мәселесі – баланың жан-дүниесі тыңдаусыз қалған. Яғни ата-анасы, жақындары, айналасындағы достарымен қарым-ұатынастың үзілуі немесе буллингке ұшырауы. Жалпы бала өзімен-өзі қалады», – дейді Жандар Төлеген.
Мамандар балалар арасындағы суицидтің алдын алуда ата-анамен бірге мектептің, әсіресе сынып жетекшісі мен мектептің педагог психологтарының рөлі зор дейді. Олар түрлі әдістер арқылы баланың жан дүниесінде не болып жатқанын анықтауға сеп болады. Қоғамнан тыс жалғыз қалған балаға әсіресе психологтың көмегі өте маңызды.
«Баланың ата-анасымен бірге мамандар дер кезінде қырағылық таныта алуы керек. Байқау, жұмысбасты болып баланың көңіл-күйін байқамай қаламыз. Бала ішіндегі шерін ешкімге айта алмай қалады. Ата-ананың баласының хәлін ғана сұрау жеткіліксіз. Бүгін не болды, қандай оқиғалар болды, жалпы оны тыңдау, сырласу балалар арасындағы суицидті азайтады. Ал мектеп, психологтар көңіл-күйі жоқ балаларды байқай алуы, көмек беруі маңызды. Қырағарлық, жауапкершілік баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін», – дейді Жандар Төлеген.
Жандар Төлегеннің айтуынша, өзіне-өзі қол жасауға әрекет етуге оқталған балаларды құтқару жұмысында суицид жасаймын деген ойы бар 600 бала құтқарылған. Мұны психологтар анықтаған. Көбіне балалардың өзі психологтардан көмек сұрап келген.
«Ата-аналар баласы суицид жасаған соң «кеше барлығы жақсы еді, бүгін неге бұлай болды» деген сұрақ қояды. Неге деген сұраққа жауап берсем бола ма деймін. Мысалы, балаңыз хат тастап кетті. Неге ол хат тастап кетті? Оны айтуға да болатын еді. Бірақ оның сөзі тыңдалмады. Тыңдалмай қалған соң хат жазды», –деймін.
Бала үшін ата-анасының оны тыңдауы өте маңызды. Бізде баламен байланыс азайып, назардан тыс қалып кетті. Бала қанша уақыт әлеуметтік желіде отырады? Ол жерден не көреді? Айталық, баланың соңғы тыңдап жүрген 10 әні не көріп жүрген 10 видеосы оның қандай көңіл-күйде жүргенінен мәлімет беретінін айтады.
Шымкент қалалық білім басқармасы психалогиялық қолдау орталығының дерегінше, биыл Шымкентте 21 бала суицид жасаған. Оның бесеуі қайғылы оқиғамен аяқталған. Қалған балалар аман қалған. Оларға тиісті мамандар жан-жақты көмектесіп, қолдау білдіріп жатыр. 2024 жылы Шымкентте балалар арасында 51 суицид тіркелген. Оның 34-і оқталған, қалғаны қайғылы оқиғамен аяқталған.