Мемлекеттік университеттерде оқу ақысы қымбаттамайды – Саясат Нұрбек

Алматы мен Астанада студенттер оқу ақысының қымбаттағанына наразылық білдірді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жекеменшік оқу орнындағы өзгерістерге тікелей ықпал ету мүмкін емес.
«Қазір екі-ақ оқу орнында (бірі мемлекеттік, бірі жекеменшік) мұндай жағдай болды. Мемлекеттік университеттерде оқу ақысын бір деңгейде ұстап тұрмыз. КИМЭП-тен ақпарат сұрастырдық, баға 15%-ға қымбаттаған. Бұл – ішкі шешім. Талқылаудың арасында студенттер де, қамқоршылық кеңес мүшелері де болған. Жекеменшік университеттің шешіміне тікелей ықпал ете алмаймыз. Ал мемлекеттік оқу орындарында бағаны бірқалыпты ұстап тұрмыз», – деді Саясат Нұрбек.
Министр биыл мемлекеттік оқу орындарында оқу ақысы қымбаттамайтынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы мен Астана ЖОО-да дау шықты. КИМЭП пен Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің студенттері оқу ақысының күрт өсіп кеткеніне наразылық білдірді.