
Кейінгі екі жарым жыл ішінде қабылданған 72 нормативтік қаулының 17-сіндегі нормалар Конституцияға сәйкес келмейді. Бұл туралы Конституциялық сот хабарлады.
Мекеме қызметін бастағалы барлығы 10,5 мыңнан аса өтінішті қараған. Олардың басым бөлігі қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару, әкімшілік рәсімдік-процестік, салық, азаматтық, азаматтық-процестік, жер және әлеуметтік кодекстердің нормаларына қатысты болған.
Ата заңға сәйкестігі тексерілген қаулыларға келсек, ішінде сотталғандардың құқығына қатысты норма да бар.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртібіне сәйкес, сотталған адамға изоляторда болған кезінде адвокаттан немесе медицина қызметкерінен консультация алу үшін телефон арқылы сөйлесу құқығы берілмеген. Конституциялық сот мұны Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Әрі қарай ішкі істер министрлігіне ұсыныс жіберіп, заң және медициналық көмек алу құқығына кепілдік берілуі қажет екенін айтқан.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованың сөзінше, қазір бұл қорытынды шешімді мемлекеттік органдар орындап жатыр.
Меншік және мұрагер құқығы бөлігінде өсиет қалдыруға қатысты да шешім шығарған. Жер кодексіндегі өсиет бойынша мирас қалдыра алмайтыны көрсетілген норма Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды.
«Мұрагерлік – кепілдік берілген конституциялық құқық, ал заң бойынша мұрагер және өсиет бойынша мұрагерлер арасындағы айырмашылық адамның (мирас қалдырушының) өз еркін білдіру құқығын бұзады», – делінген ақпаратта.
Ал сақтандырылған адам қайтыс болғаннан кейін сақтандыру сомасын ала алмау туралы норма Конституцияға сәйкес келеді деп танылған.
Азаматтарға тең құқық берілу бөлігінде мекеме жер учаскесін жалдау конкурсын өткізу кезінде жергілікті тұрғындарға қосымша балл беру туралы норманы Конституцияға сәйкес келеді деп таныған.
«Мұндай артықшылық ауыл шаруашылығын дамыту және жергілікті халықты қолдау міндетіне байланысты болғандықтан, басқа қатысушыларды кем көру деп саналмайды», – деп хабарлады Конституциялық сот.
Айта кетейік, бұған дейін Атыраудағы әйелдер колониясы ішінен баласымен бірге жазасын өтеуге болатын нысан ашылатыны айтылды.