Жаңалықтар

Kazakh Tourism мен Astana Concert event-туризм саласын бірлесіп дамытпақ

Kazakh Tourism мен Astana Concert event-туризм саласын бірлесіп дамытпақ/Фото: Kazakh Tourism

Kazakh Tourism мен Astana Concert Қазақстандағы event туризмді дамыту жолында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар ауқымды іс-шаралар арқылы туристерді тартуды жоспарлап отыр.

Kazakh Tourism Дженнифер Лопестің Қазақстандағы концерттеріне шетелден 18 мыңнан астам турист келеді деп күтіліп отырғанын атап өткен.

«Фестиваль, концерт және халықаралық шоу-бағдарлама тәрізді ірі мәдени іс-шаралар халықаралық аудиторияны тартатын маңызды алаңға айналады. Екі компанияның синергиясы елдің туристік әлеуетіне деген тұрақты қызығушылықтың болуына септігін тигізеді», делінген ақпараттық хабарламада.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы Kazakh Tourism жанынан туроператорлардың қатысуымен арнайы штаб құрылатынын жеткізді. Ол Қазақстанда және шет елдерде әлемдік концерттерді ұйымдастыру мен ілгерілету мәселелерімен айналысады.

«Себебі әрбір ауқымды концерт немесе фестиваль – бұл мыңдаған қонақ. Бұл қонақ үйлер, қоғамдық тамақтану орындары, көлік сынды туристік инфрақұрылымның жүктелуін қамтамасыз етеді. Қолөнершілер өнімдеріне және жергілікті кәсіпкерлердің қызметтеріне де сұраныс артады. Мұның бәрі туристік ағынның артуына, инфрақұрылымның дамуына және жергілікті бюджетке түсетін кірістің өсуіне тікелей әсер етеді», – деді ол.

Биыл Astana Concert Қазақстанның екі қаласында Дженнифер Лопестің ауқымды концертін ұйымдастырады. Алдын ала мәлімет бойынша, елдің оңтүстік астанасына әлемнің 29 елінен көрермен келеді.

«Біз әлемдік деңгейдегі оқиғалар әлемнің түкпір-түкпіріндегі туристердің қызығушылығын тудыратынын аңғардық. Дженнифер Лопестің концерті тәрізді алғашқы ауқымды шара Қазақстанды тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл ТМД кеңістігінде event-туризмнің орталығы ретінде таныстыру жолындағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз», – деді компанияның продюсері Мәлік Хасенов.

Бұған дейін, «Астана концерт» компаниясының продюсері Джей Лоның концертін елдегі мәдени құбылысқа балаған.

Әлемдік әртіс Дженнифер Лопестің концерті 1 тамыз күні Астанада, 10 тамызда Алматыда өткелі отыр.