Жаңалықтар

Полицияға енді смартфон арқылы арыз түсіруге болады

Полицияға енді смартфон арқылы арыз түсіруге болады
Полицияға енді смартфон арқылы арыз түсіруге болады/Фото: Видеодан скриншот

Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» деп аталатын жаңа цифрлық сервисті іске қосқанын хабарлады. Ол арқылы бөлімшеге бармай-ақ полицияға арыздануға болады.

Egov Mobile қосымшасында «Заң мен Тәртіп» деген жеке батырма пайда болды. Оны басқан сәтте полицияға шағым жолдау терезесі ашылады.

Терезе көмегімен кез келген құқық бұзушылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, балаға қатысты оқыс оқиға немесе қоғамдық тәртіптің бұзылуы сияқты жайттар туралы бір ғана батырманы басып хабарлауға болады. Ешқайда қоңырау шалудың, полиция бөліміне барудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ растайтын фото/видео жүктеуге де мүмкіндік бар.

Полиция хабарламаны жедел қабылдап, бірден әрекет етеді.

Елде қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында жүзеге асып жатқан ілкімді істер көп. Бұған дейін Астанада 10 шақырым жерде не болып жатқанын бақылай алатын камералар орнатылатынын хабарлағанбыз. Одан бөлек, елдегі ауруханаларда SOS батырмасы орнатылып, полиция кезекшілігі енгізілгелі жатыр.