
Банктер мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алғысы келетіндердің есепшотына түскен қаржы мен шыққан шығын туралы ақпаратты мемлекеттік мекемелерге береді. Бұл мәліметтер Ұлттық банктің бірыңғай цифрлық платформасында жинақталады Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді. Жаңа тәсіл атаулы әлеуметтік көмекті ( АӘК/АСП) тағайындауда табысты ғана емес, шығынды да ескеруге мүмкіндік береді.
«Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Біз табыспен қатар шығысты да есепке алуға міндеттіміз. Бүгінде бұл әдістеме бекітілді, АӘК алатындардан банк құпиясын ашуға келісім алу тетігі де енгізілді. Екінші деңгейлі банктерден шығыс туралы ақпарат цифрлық платформаға түсетін болады», – деді министр.
40 млрд теңге үнемделді
Министрдің айтуынша, цифрландыру бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз еткен. Соның нәтижесінде 2024 жылы мемлекет 40 млрд теңгеге дейін үнемдеп, бұл қаражат бюджетке қайтарылды. АӘК тек шын мұқтаж азаматтарға ғана берілген.
«Биылғы жылы 228 мың адам АӘК алады. Былтыр осы кезеңде олардың саны 330 мыңнан асатын. Демек, жүйелі жұмыс жүріп жатыр», – деп нақтылады Жақыпова.
АӘК тағайындау тәртібіндегі өзгеріс
Яғни енді АӘК тағайындауда азаматтың әлеуметтік осал санатына жатуы ғана емес, сонымен қатар шығыстарының сипаты да ескерілмек. Мәселен, табысы төмен, бірақ ірі көлемде шығыны бар азаматтар мемлекеттік қолдаудан шет қалуы мүмкін. Бұл көмек жүйесін әділетті етіп, шынайы мұқтаждарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында АӘК алуға өтініш бергендердің кірісі ғана емес, шығыстары да ескерілетіні жазылған.