Бір АЭС құрылысына кемі 14 млрд доллар қажет – Сәтқалиев

Атом электр станциясының құрылысына кемі 14 млрд АҚШ доллары қажет. Бұл жөнінде парламент кулуарында Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. 27 маусым күнгі ресми бағаммен есептесек, 7,2 трлн теңгеден асады.
«Құрылыс құнының нақты көлемі техникалық-экономикалық негіздеме дайын болған соң белгілі болады. Қазір бізде вендорлардан индикативті көрсеткіштер бар, бірақ олар келісімдермен қорғалған», – деді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, бұл басқа елдердегі атом электр станциясының құрылысына кеткен қаржыға тең. АЭС құрылысына шамамен 7 жыл қажет болады.
Сәтқалиевтің сөзінше, Қазақстан биыл жыл соңына дейін АЭС салуға қатысты үкіметаралық келісімге қол қоюды жоспарлап отыр.
«Қазірдің өзінде келісім жобасын дайындауға кірістік. Оған жыл соңына дейін қол қойылады деп жоспарлап отырмыз», — деді ол.
Қытай құрылысты Ресейден бұрын бастауы мүмкін бе
Журналистер агенттік басшысынан Қытай АЭС салуды Ресейден бұрын бастауы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікірін сұрады.
«Біз Ресейді халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде таңдадық. Бұл шешім ұсынылған құрылыс мерзімдеріне байланысты қабылданды. Қытай серіктестермен келіссөздер жүргізілгеннен кейін ғана нақты бір нәрсе айтуға болады», — деп жауап берді Сәтқалиев.
Қаржыландыру қалай шешіледі?
АЭС жобасының қаржыландыру шарттары да келіссөздер нәтижесінде нақтыланады. Бұл мәселе Қазақстан мен серіктес мемлекеттің қаржы министрліктері арасында шешіледі Егер жоспарланған мерзім сақталса, құрылыс жұмыстары 2026 жылдан басталуы мүмкін.
20 маусымда Қазақстан мен Ресей атом электр станциясын салу жөніндегі жол картасына қол қойған. Алғашқы АЭС-ті Ресейден алынған қарызға Ресей салып береді.