Банк пен қаржы

Қазақстандықтар рубльді жаппай сатып жатыр

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылғы мамырда қазақстандықтар рубльден жаппай бас тартып, жаңа рекорд орнатты. Ұлттық Банктің мәліметінше, осы айда айырбастау пункттері рубльді 35,7 млрд теңгеге артық сатып алған. DATA HUB  дерегіне сүйенсек, бұл – кемінде 2020 жылдан бергі ең ірі теріс сұраныс.

Осылайша, айырбастау орындарында рубльге сұраныстың теріс аймаққа ауысуы қатарынан алтыншы ай жалғасып отыр.

Рубльдің құны өссе де, сұраныс жоқ

Қызығы, рубльге сұраныс күрт азайғанына қарамастан, оның бағамы тұрақты өсіп жатыр. Мамырда ресейлік валютаның орташа айлық бағамы 6,35 теңгеге жетіп, сәуірдегі 6,18 теңгемен салыстырғанда нығайған. Дегенмен, бұл тренд қазақстандықтарды қызықтырып отырған жоқ: олар рубльді жаппай сатып жатыр.

Долларға сұраныс қалпына келді

Сонымен қатар, мамыр айында доллардың таза сұранысы 161,5 млрд теңгені құрап, сәуірмен салыстырғанда 2,4 есе өсті.

Еуроға деген қызығушылық та сәуірдегі әлсіз сұраныстан кейін қайта арта бастады. Мамырда еуроның таза сатып алуы 13,8 млрд теңгеге жетті. Бұл бір ай бұрынғы 4,9 млрд теңгемен салыстырғанда үш есеге жуық жоғары. Алайда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сұраныс 22%-ға төмендеген. Валютаның орташа бағамы айтарлықтай өзгермей, 577,21 теңге болды (+0,1%).