
Қазақстан үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті әзірлеуді бастады. Басты мақсат – бюджеттік тұрақтылықты күшейтіп, тапшылықты біртіндеп азайту. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин үшжылдық бюджет аясында 2026–2028 жылдарға арналған шығындар шегі бекітілгенін хабарлады.
«Бюджет кодексінің жаңа редакциясына сәйкес, біз бюджет қалыптастыруды бастадық. Қазіргі таңда тек шығыстар лимиті анықталды. Ал кіріс бөлігін есептеу үшін 2024 жылдың нақты статистикасы қажет», – деді Әмрин.
Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытынды статистикалық деректері тамыз айының басында белгілі болады. Содан кейін ғана кірістер бөлігін есептеу жұмыстары басталады. Жаңа үшжылдық бюджетте бюджет тапшылығының жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққандағы үлесі біртіндеп төмендейді:
- 2026 жылы – 2,5%,
- 2027 жылы – 1,8%,
- 2028 жылы – 1,4%.
Бұл бағытта Үкімет қатаң бюджет тәртібін ұстанып, ішкі нарықтан қарыз алу көлемін азайтуды көздейді.
Қаржы министрі Мәди Такиев парламент кулуарында 2024 жылы бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңгені құраса, биыл 4,4 трлн теңге болатынын айтты.
«2028 жылы дефицит шамамен 2,5 трлн теңге көлемінде болады. Бұл – мемлекеттің қарызы. Қазіргі уақытта мемлекеттік қарыз 31,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 21,2%-ын құрайды», – деді министр.
Такиевтің айтуынша, 2026 жылдан бастап бюжет тапшылығын азайту салық саласын жетілдіру, жаңа Салық кодексіндегі мөлшерлемелерді енгізу және салықтық жеңілдіктерді қысқарту есебінен жүзеге аспақ. Бұл шаралар бюджет кірісін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық қордан тек 2,7 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт қана бөлінеді. Қордан нысаналы трансферт ретінде ақша алынбайды.