30 жылдағы ең жоғары көрсеткіш: Қазақстанда депозиттердің сыйақысы көтерілді

2025 жылғы мамыр айында екінші деңгейлі банктердегі (ЕДБ) теңгедегі депозиттің орташа сыйақы мөлшерлемесі 14%-дан 14,3%-ға дейін өсті. Бірінші несие бюросының мәліметінше, бұл – 1996 жылдың желтоқсанынан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Ұлттық банк дәл осы айдан бастап депозиттер бойынша мәліметтерді жүйелі түрде тіркей бастаған.
Қандай депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары?
Мамыр айында 1 -3 айға аралығында ашылған депозитер ең табысты болған. Бұл депозиттер бойынша орташа мөлшерлеме бір айда 0,5 пайыздық пунктке өсіп, 16,4%-ды құрады.
Ал заңды тұлғалар үшін депозит мөлшерлемесі өзгеріссіз қалған. сәуірдегідей мамырда да 15,4% деңгейінде болды.
Қазақстандықтардың депозиттегі ақшасы 5 айда 1 трлн теңгеге өскен. . 2025 жылдың қаңтарында депозитте сақталған қаржы көлемі 40,4 трлн теңге болса, мамырдың соңында ол 41,4 трлн теңгеге жеткен.
Кредиттердің орташа пайызы қандай?
Екінші деңгейлі банктердің несие мөлшерлемелері де назар аударарлық:
Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге берілетін несие бойынша орташа мөлшерлеме 21,5% құрайды.
Ал заңды тұлғалар үшін несиелер арзандай бастаған: сәуірдегі 19,1%-дан мамырда 18,8%-ға дейін төмендеді. Бұл өзгеріс бірнеше сегментке тән. Мәселен 1-3 айлық, 3 айдан 1 жылға дейінгі және 5 жылдан ұзақ мерзімді несие бойынша да мөлшерлеме түскен.
Бұл ретте Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі биыл наурыз айынан бері 16,5% деңгейінде өзгеріссіз қалып отыр.