
ЭКСПО ғимараты жаңғыртылып, инновациялық орталыққа айналады. Бұл туралы парламент кулуарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.
ЭКСПО ғимаратынан бүгінгі таңда барлық экспонаттар көшіріліп, нысан жаңғыртылып жатыр. Жаңғырту жұмыстары 1 шілдеден бастап аяқталып, ЭКСПО шары инновациялық орталыққа айналмақ.
«Біздің ЭКСПО ғимаратына қатысты өз жоспарымыз бар. ЭКСПО инновациялық кластерге, инновациялық қалашыққа айналуы керек. Ғимаратта Цифрлық министрлік, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Астана Хаб бар, Астана IT университеті отырады. Бұдан бөлек ол жерде Alem.AI орналасады. 8 қабаттан тұратын ЭКСПО ғимаратта AI кинотеатр, AI балаларға арналған аймақ, AI көрме сынды түрлі халыққа қызықты әрі пайдалы кеңістіктер ашылады», – деді министр.
Сонымен бірге Мәдиев Alem.AI бойынша оқыту курстары ашылатынын, мұндай бағдарламалар басқа елдімекендерде жалғасын табатынын айтты.
Айта кетсек, EXPO-2017 көрмесіне Ұлттық қордан 76,1 млрд теңге облигация берілгені , қаражат тек 10 жылдан кейін өтелетіні туралы айтылған еді.