
Қос палата отырысында депутат Ерлан Саиров Мемлекеттік борышты өтеу шығыны 6,1 трлн теңгеге жетіп, Ұлттық қордың қаражаты бюджет жыртығын жамауға жұмсалып жатқанын айтты.
Депутат Үкіметтің 2 жыл қатарынан Ұлттық даму жоспарында мәлімделген маңызды міндеттерді іс жүзінде орындай алмай жатқанын, министрліктерге елдің экономикалық ахуалын реттеу үшін парламентің арнайы құралдар бергенін мәлімдеді. Алайда бұл жұмыстар нәтиже бермеген. Мемлекеттің сыртқы қарызы артып, бюджет Ұлттық қордың қаражатына тәуелді болып қалған.
Саиров елдің экономикалық ахуалына қатысты мынадай фактілерді алға тартты:
- Мемлекеттік борышқа қызмет көрсету, оны өтеу шығындары ағымдағы жылы 6,1 трлн теңгені немесе бюджеттің барлық кірісінің 3/1 бөлігін (депутат 38% екенін айтты, редакция есебінше, 31%) құраған;
- Ұлттық қордың қаражаты 10 жылда республикалық бюджеттің 30%-ын жауып келеді;
- Мұнайға қатысты емес тапшылық ЖІӨ-ның 8%-ын құрайды;
- Жеке инвестициялардың үлесі азайған;
- Іскерлік ортаны нығайтудың орнына ҚҚС қайтару үлкен проблемаға айналып кеткен.
«Бюджеттің атқарылуы стратегиялық міндеттерді емес, бюджеттің жыртығын жамауға бағытталуда. Ал үкіметтің қолында парламент жасақтап берген жаңа бюджеттік кодекс, жаңа салық кодексі, ұлттық даму жоспары бар. Осыған қарамастан ұлттық перспектива көрінбейді. Өркендеудің нақты көрсеткіштері жоқ. Үкімет жыртық жамауды қойып, ұлттық өркендеуге қашан көшеді?», – деді депутат.
Бектенов жауабы
Премьер-министр мемлекеттің өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатқанын, әлемде болып жатқан тұрақсыздықтарға қарамастан, ел экономикасы тұрақты екенін айтты.
«Мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатыр. Орындайды да. Бұған ешқандай күмән жоқ. Жалпы экономикалық ахуал тұрақты. Бірақ сіз айтып өткен мәселелер жоқ емес. Ол өздеріңіз білетіндей, бір күнде пайда болған проблемалар емес. Бірнеше жылдар бойы қалыптасып жатқан мәселелер. Үкімет қазіргі таңда оның бәрін шешу үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр», – деді үкімет басшысы.
Бектенов елдің экономикасын дамыту мақсатында бірқатар шаралардың жүзеге асырылатынын, осы бағыттарда белсенді әрі тиімді жұмыс жүргізіліп, елдің экономикасы өсіп, тұрақталатынын айтты. Сонымен бірге Ұлттық қордан алатын қаражатты қысқартып, бюджет тапшылығының де көлемін төмендету көзделіп отырғанын мәлімде.
«Қазір біз келесі үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын Үкіметте дайындап жатырмыз. Өте қызу жұмыс жүріп жатыр. Алдын ала айтатыным біз 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7%-дан 2,5%-ға дейін төмендетеміз деген жоспарымыз бар. 2027 жылы 1,8%-ға дейін, 2028 жылы 1,4 %-ға дейін бюджет тапшылығын төмендетеміз деген жоспар бар», – деді премьер-министр.