Lifestyle

40, 60 және 80 жастан кейін адамның өмір жасын ұзартатын тағам түрлері анықталды

Берген университетінің ғалымдары кез келген жаста адамның өмір жасын ұзартуға болатынын дәлелдеп отыр / фото: shutterstock
Берген университетінің ғалымдары кез келген жаста адамның өмір жасын ұзартуға болатынын дәлелдеп отыр / фото: shutterstock

Адамның өмір жасын ұзартатын тағам түрлері анықталды. Бұл  әсіресе 40 пен 80 жас арасындағыларға таптырмас кеңес болып отыр.  

Норвегиядағы Берген университетінің ғалымдары кез келген жаста өмір жасын ұзартуға болатынын дәлелдеп отыр.

Тамақтану әдетінің маңызы

Le Figaro басылымының ақпаратына қарағанда, ол үшін тамақтану әдетін өзгерту қажет.

Жүргізілген зерттеуге сәйкес, дұрыс тағам таңдауы арқылы 40 жастағы адам 11 жылға дейін, ал 80 жастағы адам 3,5 жылға дейін өмірін ұзарта алады.

Ғалымдар қай тағамдарды көп жеу керек, қайсысын азайту керек екенін нақты көрсетіп берген.

Пайдалы тағамдар

Мәселен, 40 жасқа толған адам күн сайын 25 грамм жаңғақ пен майлы дәндерді жеп тұрса, өмір жасы 1,7 жылға ұзарады екен.

Бүтін дәнді дақылдар өмірді 8 айға ұзартпақ. Қызыл ет жеуді барынша азайтсаңыз, 7 айға дейін артық өмір сүруге болады. Оның мөлшері тәулігіне 50 граммнан аспауы қажет. Рафинадталған дәндер мен жұмыртқаны азайтқан абзал. Бұл қосымша 7 ай сыйлайды.

Қанттан бас тартыңыз

Күнде ішетін сусындарыңыздағы қанттың мөлшері 250 мл-ден аспауы қажет. Сонда 4 ай өмір сыйлыққа беріледі екен.

Ал жеміс-жидек пен көкөністерді көбейту – 3-4 ай өмір қосу деген сөз.

Ал балық, бұршақ, жаңғақтарды тұрақты тұтынудың маңызы аса зор.

Өзгерістердің пайдасы

Тамақтану дағдысындағы жеңіл өзгерістердің 2 түрлі пайдасы бар. «Ауру –астан» деген халық даналығын бүгінде ғылым нақты дәлелдеп отыр. Өйткені, жеңіл өзгерістердің өзі өміріңізді 6 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Сондықтан бүтін дәндер, жаңғақ, балық, бұршақ, көкөніс пен жемістерді көп жеуге ұмтылған жөн.

Қырық жастан кейін қызыл ет, шұжық өнімдері, тәтті сусын, жұмыртқаны азайтқаныңыз абзал. Зәйтүн майын көбірек тұтынғаныңыз жөн.

Ал түбейгелі өзгеріс адамның өмір жасын 11 жылға дейін ұзартады екен. Ол үшін қызыл ет пен өңделген еттен толық бас тарту керек. Тәтті сусындар ішіп, рафинадталған дәндерді  жеуді доғарып, жоғарыда айтылған пайдалы тағамдарды көбейту қажет.

80-ге келгендердің де өмір жасын ұзарта алады

Адамның өмір жасын ұзартатын тағам түрлері, тіпті  80 жастағыларға да көмектесе алады. Кәрі адамдардың да өмір сүру ұзақтығына әсер етеді.

Өмір жасын ұзартудың сыры – өңделген тағамдардан бас тартып, табиғи өнімдерді тұтыну.

Сонымен қатар, адамның өмір жасын ұзартатын дүниелердің қатарында, әлеуметтік байланыс пен реттелген күн тәртібі де бар.

Бұл зерттеу  статистикалық үлгіге негізделіп отыр. Мұның нәтижесі әр адамның денсаулығы, ерекшеліктеріне қарай да өзгереді.

Мұның алдында Қазақстанның денсаулық министрі оқушылар арасындағы семіздікпен қалай күресетінін айтқан еді.