
Айгүл Иманбаева ұлының үйлену тойы мен немересінің тұсаукесерін қатар өткізді. Салтанатты шараға шоу-бизнес жұлдыздары түгел қатысты. Нұрғали Нүсіпжанов, Заттыбек Көпбосынұлы, Еркеш Хасен және Айгүл Иманбаеваның өзі ән шырқады.
Әншінің бұрынғы жолдасы Сәбит Әбдіхалық екеуінің Асылжан есімді ұлы бар. Баласының үйленгені жайлы бұрын жарияламаған еді. Енді әнші ұлы мен немересінің тойын қатар жасап, келінін көпшілікке таныстырды. Жас келіннің есімі – Жансая.

Тойға бұрынғы жұбайы Сәбит Әбдіхалық та келіп қатысты. Кішкентай немересінің тұсауын радиожурналист, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидің жұбайы Жадыра Жұмакүлбай кесті.
» Жадыраның 2003-05 жылдар аралығында «Қазақ радиосы» эфирінде «Аты жоқ көкек» атты авторлық хабары болды. Соған «Ұят болмасын» арқылы көрерменнің көзайымы боп жүрген кезімде шақырып, сұхбат берген едім. Осы уақытқа дейін қаншама журналист менен сұхбат алды ғой. Солардың ішіндегі өрімдей жап-жас Жадырамның сұхбаты менің әлі күнге дейін есімде. Ең бір салмақты, жан дүниеммен ашылған әңгімеміз еді. Кәсіби журналист ретінде біліктілігіне тәнтімін. Алла Тағала Жадырамның жолын ботақаным, немерем Айсұлуыма бұйырсын деген тілегім бар», – деп жазды әнші парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін әнші Сәкен Майғазиев тұңғыш ұлының тойын дүркіретіп жасаған еді. Өнерпаздың қуанышын бөлісуге 800-ге жуық қонақ келді.
Әнші тойын тікелей эфирге шығарып, трансляцияны 6000-нан аса адам көрді.