АҚШ Иранға ядролық қарудан бас тартқаны үшін 30 млрд доллар ұсынуы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға ядролық қарудан бас тартқаны үшін 30 млрд доллар беруі мүмкін. Оның орнына бейбіт ядролық бағдарламаны дамытуды ұсынады деп жазады CNN.
CNN-ге жауап берген дереккөздердің сөзінше, Иран мен Израиль арасындағы әскери қақтығысқа дейін бұл ұсынысты АҚШ пен араб елдері талқылаған. Иранға ұсынысты да араб елдері білдірмекші.
Миллиардтаған инвестициядан бөлек Трамп әкімшілігі Ираннан кейбір санкцияларды алып тастауды ұсынып отыр. Одан бөлек Тегеранға шетелдік банктерде бұғаттаулы жатқан 6 млрд долларды алуына рұқсат береді.
Тағы бір ұсыныс бойынша, Фордо қаласындағы америкалық соққылардан зардап шеккен ядролық нысанның орнына жаңа инфрақұрылым салуға қаржы бөлуі мүмкін. Бірақ уран байытуға рұқсат берілмейді. Трамп әкімшілігі бұл ұсыныстар Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеуге бағытталғанын атап өтті.
Израильмен өзара шабуылдар мен АҚШ-тың Иран ядролық нысандарына жасаған соққыларынан кейін Тегеран Вашингтонның шарттарына келіседі деген үміт бар.
МАГАТЭ-ның мәліметінше, Иранда 709 келі байытылған уран бар. Ол оншақты зымыранның ядролық жауынгерлік бөлігін жасауға жеткілікті. Бірақ агенттік басшысы Рафаэль Гроссии оның қай жерде орналасқаны белгісіз екенін айтады.
АҚШ пен Иранның ядролық нысандарға қатысты деректері әртүрлі. 25 маусымда АҚШ барлау қызметі Иранға жасалған соққылар елдің ядролық инфрақұрылымын толық жоймаған деп мәлімдеді. Ал Иран Сыртқы істер министрлігі Израиль мен АҚШ шабуылынан Иранның ядролық нысандарына үлкен зақым келгенін хабарлады.