Жаңалықтар

Telegram Astana Hub-қа тіркелді

Фото: ашық дереккөзден

Telegram ресми түрде Astana Hub қатысушысы атанды. Бұл туралы технопарктің ресми сайтында жазылған.

Astana Hub-тың атап өтуінше, қазір Telegram жаһандық нарықта цифрлы өнімдерін қарқынды дамытып жатыр.

«Telegram ішіндегі Mini Apps веб-қосымшалары арқылы түрлі сервистер, маркетплейстер мен ойындар құруға болады. Бұл құралдар ай сайын 500 миллионнан астам қолданушыны тартуда. 2024 жылы компания ішкі валюта – Telegram Stars-ты іске қосты. Қосымша әзірлеушілер бұл валютаны Toncoin-ге айырбастай алады. Платформа цифрлық қауіпсіздік қағидаттарына адал: тіркелу кезінде жеке деректер талап етілмейді, бастапқы коды ашық, ал шифрлау хаттамалары аудитке қолжетімді», – деп жазылған хабарламада.

Технопарк ұсынған мәліметке сенсек, телеграм әлем бойынша ең көп жүктелетін бес қосымшаның қатарында. Ай сайын платформаға бір миллиардтан астам белсенді қолданушы кіреді.

Айта кетейік, былтыр Павел Дуров Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің шақыруымен Қазақстанға келген. Сол кезде ол Astana Hub-ты аралап, кластер инфрақұрылымымен, IT-компанияларға арналған қолдау бағдарламаларымен танысты. Нәтижесінде, Telegram-ның ресми кеңсесі Astana Hub аумағында ашылды.

Жақында ресейлік «Важные истории» басылымының журналистері зерттеу жариялап, Телеграмның басында ресейлік арнайы қызметке қатысы бар адамдар тұруы мүмкін деген байлам жасады. Бірақ кейінірек сұхбатында Дуров оны жоққа шығарды.