Тоқаев ЕАЭО басшыларын бірлесіп технопарк пен стартаптар құруға шақырды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Минскіде өткен Еуразиялық форумға қатысты. Сөзінде ЖИ-дің дамуы, цифрлы технологияны жетілдіруге ерекше назар аударды. ЕАЭО аясында ортақ технопарктер мен стартап-инкубаторларды бірлесіп құруға шақырды.

Президенттің айтуынша, дүние жүзінде жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек.

– Енді ғана қалыптасып келе жатқан цифрлық әлем тәртібіндегі рөлімізді күшейтуге орайлы сәт туды. Мұны дер кезінде пайдалану маңызды. Әрине, кез келген технологиялық революция сияқты жасанды интеллектінің де қатері жоқ емес. Технологияға қолжетімділік теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі, жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар. Яғни дамуы жоғары деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі соңында қалуы мүмкін. Менің ойымша, ЕАЭО бұл процестің алдыңғы шебінде болуға тиіс, тым болмаса артта қалып қоймауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда академиялық экожүйе қалыптастырып, жаңа буын мамандарын даярлауға ден қойып жатқанын да атап өтті.

– Биыл Астанада Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұдан бөлек, біз жаңа тұрпатты CryptoCity эксперименталдық аймағын құруға кірістік. Бұл криптовалюта саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосатын орталыққа айналмақ. Пилоттық жобада біз цифрлық активтерді кеңінен қолдануға байланысты құқықтық және технологиялық шешімдерді сынақтан өткіземіз. Жалпы, Қазақстан ынтымақтастыққа ашық. ЕАЭО-ға мүше елдерді инновациялық кластерлерді, технопарктер мен стартап-инкубаторларды бірлесе іске қосуға шақырамыз. Ондағы ғылыми ізденістер мен технологиялар кейін табысты коммерциялық жобаға айналуы мүмкін, – деді ол.

Сондай-ақ Қазақстанның келесі жылғы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалығы аясында жиындардың бірін жасанды интеллектінің дамуына арнауды ұсынды. Осы салаға қатысты елімізде арнайы заң қабылданатынын да айта кетті.

– Біз ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамытып келеміз. Таяуда есептеу қуаты жоғары суперкомпьютерді іске қосады. Оның ресурсын ғылыми зерттеулерге, модельдеуге, үлкен деректер қорын өңдеуге және инженерлік тұрғыдан күрделі міндеттерді шешуге пайдаланамыз. Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Салалық заң қабылдау жоспарланып отыр. Бұл қадамдардың барлығы елімізде жасанды интеллектіні қолданудың берік институттық негізін қалыптастыруды көздейді, – деді Президент.

Ресми дерекке сүйенсек, ЕАЭО-ның экономикалық әлеуеті 2,6 трлн долларға жеткен. 2023 жылы мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда көлемі 98 млрд долларды құраған.

Сондай-ақ оқыңыз