Қазақстан мұнай салығын бірден 5 долларға көтерді

Қазақстан мұнай мен мұнай өнімдері экспортына салынатын баж салығы көлемін бірден 5 долларға көтерді. Бұл туралы Рейтер хабарлады.
Енді Қазақстанда мұнай өндіріп, оны шетелге шығаратын компаниялар 2025 жылғы шілде айында мұнай мен ақшыл түсті мұнай өнімдерінің әр тоннасы үшін 70 доллар төлейді. Маусым айында бір тонна шикізат пен мұнай өнімінің экспортына 65 доллар баж салығы салынған. Кеден салығы бір айда 5 долларға өсті деген сөз.
Агенттік мәліметінше, мұнай мен оның өніміне салынатын баж салығын есептеу кезінде әлем нарығындағы баға ескеріледі. Мәселен, 2025 жылғы 20 мамыр мен 20 маусым аралығында KEBCO және Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 70 доллар болды.
Мұнай шикізаты мен мұнай өнімдеріне салынатын баж салығы – экономикасы мұнай экспортына тәуелді Қазақстанның басты табыстарының бірі. Республикада шетелдің ірі мұнай және газ компаниялары жұмыс істейді.
Қазақстан мұнайға кеден салығын есептеу кезінде нарықтағы орташа бағаға сүйенеді. Мұнай бағасы белгіленген деңгейден төмен түсіп кетсе, баж салығы алынбауы мүмкін. Экспорт салығы ішкі және әлем нарығындағы мұнай мен мұнай өнімдерінің бағасына әсер етеді. Соның көлеміне қарай мемлекет қазынасы түсетін табыс көбейгенімен, ел ішінде бензин секілді мұнай өнімі қымбаттауы мүмкін.