
Алдағы демалыс күндерге арналған валюта бағамы анықталды. Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, 1 АҚШ доллары 520,39 теңге тұрады. Доллар бір күнде шамамен 2 теңгеге нығайды.
Доллар қымбаттады
Жазғы демалыс уақытында Қазақстан азаматтары шетелге жиі саяхаттайды. Олар шетел валютасын сатып алады. Сол себепті жазда доллар қымбаттайды. Кеше ғана 518 теңгеден саудаланған доллар бүгін екі теңгеге нығайып, 520,39 теңге болды.
Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматы қаласындағы ақша айырбастау пункттерінде бір доллар 521 теңгеден сатылып, 520 теңгеден қабылданып жатыр. Астана қаласындағы валюта саудасы – 524 және 518.
Криптовалюта
Bitcoin (BTC) құны тұрақтанды. Қазір BTC шамамен 107 мың доллар тұрады. 23 маусымда, Таяу Шығыстағы жағдай қатты ушыққан уақытта, оның құны 98 мың долларға дейін түсіп кеткен еді. Аз уақыттың ішінде Биткоин шамамен 10 мың долларға көтерілді. Енді екі күннен бері BTC бағасы бір деңгейде сақталып тұр.
Ethereum (ETH) осының алдында құнын әжептәуір жоғалтқан. Енді бүгін оның да бағасы тұрақтағанын көріп отырмыз. ETH кеше де, бүгін де шамамен 2 447 доллардан сатылып жатыр. 25 маусымда ғана ол 2 523 долларға саудаланған. Айта кетейік, апта басында ғана Этериум бағасы 2 176 долларға дейін түсіп кеткен еді. Криптовалюта құнының төмендеуіне Таяу Шығыстағы шиеленіс әсер еткен. Енді инвесторлар аймақтағы ахуалдың тұрақтағанын көріп отыр.
Binance Coin (BNB) токені шамамен 645 доллардан саудаланып жатыр. Бір тәулікте 1 долларға арзандады. 23 маусымда оның құны 605 долларға дейін түсіп кеткен еді. Үш күнде BNB қайтадан 40 долларға көтерілді. Қазір әлем нарығында криптовалюта бағасы біршама тұрақтады деп айтуға болады.