
Үлкен дулыға санатындағы төрт ірі турнирдің бірі – Уимблдон-2025 жарысының жеребесі тартылды. Турнирге Қазақстан атынан бес теннисші қатысады. Олар: Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик, Александр Шевченко және Бейбіт Жұқаев.
2022 жылы Уимблдон турнирінің жеңімпазы атанған Елена Рыбакинаның жарыс жолы айтарлықтай ауыр. Ол Лондондағы алғашқы ойынын армян теннисшісі Элина Аванесянмен өткізеді. Рыбакина алғашқы үш ойында жеңіске жетсе, төртінші раундта поляк теннисшісі Ига Швентекпен, ал ширек финалда РГ-2025 жеңімпазы Коко Гауффпен кездесуі мүмкін.
Кейінгі уақытта рейтингі түсіп кеткен Юлия Путинцеваны алғашқы турда қиын қарсылас күтіп тұр. Ол әлемнің 13-теннисшісі Аманда Анисимовамен ойнайды.
Мамандар жақында ғана Германияның Галле қаласында ATP500 турнирін жеңіп алған Александр Бублик Лондонда да ұзаққа барады деп болжайды. Турнирдің 28-ойыншысы атанған ол алғашқы ойынын испан теннисшісі Хауме Муньярмен өткізеді. Одан сүрінбей өтсе, Бублик әлемнің төртінші теннисшісі Джек Дрейперге шығады. Отандасымыз Ролан Гаррос турнирінде ағылшын жігітін жеңген.
Тағы бір қазақстандық Александр Шевченконы да айтарлықтай үлкен сынақ күтіп тұр. Себебі ол бірінші турда Райли Опелкамен кездеседі. Америкалық өте көп эйс орындайтын теннисшілердің бірі.
Іріктеу сынында қатарынан үш мәрте жеңіске жетіп, турнирдің негізгі кезеңіне өткен Бейбіт Жұқаев алғашқы ойынын Флабио Коболлиге қарсы өткізеді. Италия теннисшісі турнирдің 22-ойыншысы екенін ескерсек, Бейбітке сәттілік тілеу артық болмас.
Уимблондон-2025 турнирі дүйсенбі, 30 маусымда басталады.