Xiaomi үш минутта 200 мың дана YU7 электрокарын сатты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Xiaomi шығарған YU7 электромобильдері тез өтіп кетті / фото: REUTERS/Florence Lo
Xiaomi шығарған YU7 электромобильдері тез өтіп кетті / фото: REUTERS/Florence Lo

Қытайдың смартфон шығарушы Xiaomi компаниясы 200 мың дана YU7 электромобилін үш минутта сатып жіберді. Бұл туралы Financial Times хабарлады.

Басылым мәліметінше, аз уақыттың ішінде мыңдаған электрокар сатқан Xiaomi акцияларының құны бірден көтерілді. Енді компания Қытай нарығында BYD, Tesla секілді автогиганттармен бәсекелесе алады.

Xiaomi смартфон өндіруден бастаған, бірақ кейін басқа да электроника түрлерін шығаруға көшкен. Компания бейсенбі, 27 маусымда жол талғамайтын YU7 автокөлігін таныстырды. Жаңа электромобиль 53 500 юань (35 370 доллар) тұрады.

Сарапшылар бір тәулікте 100 мың YU7 көлігі сатылады деп болжаған. Алайда тапсырыс болжамнан әлдеқайда асып түсті. Xiaomi компаниясының мәлімдеуінше, бейсенбі күні сауда басталған алғашқы сағатта 289 мыңнан аса тапсырыс түскен.

Салыстырар болсақ, 2024 жылы 27 минуттың ішінде 50 мың SU7 электрокары сатылған.

Әзірге BYD автогиганты Қытайдың электромобиль нарығында көш бастап тұр. Ол биыл төрт айда 1 миллионнан аса автокөлік сатқан.

Дегенмен Xiaomi акцияларының құны жыл басынан бері 70%-ға көтерілді. Ал BYD акциялары болса жұма күні Гонконг қор биржасында 1,8%-ға түсіп қалды.

Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана BYD автокөлік таситын әлемдегі ең ірі кемемен Бразилияға 22 мың электрокар жеткізген.

Бұл уақытта Tesla Техас штатында робот-таксилерді сынақтан өткізіп жатыр. Илон Масктің робот-таксилері жол ережесін қайта-қайта өрескел бұзғаны мәлім болды.

Сондай-ақ оқыңыз