
Енді бала тәрбиесі де еңбек өтілі болып саналуы ықтимал. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова осы мәселеге және өзге де заң жобаларына өзгерістер енгізуді ұсынды.
Әзімова қазіргі уақытта депутаттар бастамасымен әзірленген бірнеше заң жобасына Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары мен тұжырымдарына байланысты заңнамалық ұсыныстар топтамасы енгізілгенін айтты.
Осы орайда сот төрағасы заң шығару күн тәртібі шеңберінде депутаттарға мынадай мәселелерді қарауды ұсынды:
- Сот процесінде алқабилерді ауыстыру тәртібіне, баланың ұлтын анықтауға және көрсетуге, бала асырап алу институтын жетілдіруге және алименттік міндеттемелерді орындауға қатысты құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, Қылмыстық-процестік, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстерге және олармен байланысты баcқа да заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы.
- Ойын бизнесін, сондай-ақ мұрагерлік пен сақтандыру мәселелерін реттеудегі құқықтық екіұштылықты жою мақсатында Азаматтық кодекске өзгерістер енгізу туралы.
- Әлеуметтік кодекске жұмыс істемейтін ата-ананың жас балаға тікелей күтім жасаған уақытын жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілінде есепке алуға, сондай-ақ қазіргі жағдайларды ескере отырып, белгілі бір санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғау тәсілдерін қайта қарауға қатысты өзгерістер енгізу туралы.
- Сақтандыруға және зейнетақы жинақтарын қорғауға қатысты ережелер бөлігінде азаматтық және әлеуметтік заңнама нормалары арасындағы құқықтық коллизияны жою туралы.
- Мемлекеттік қызметке кіруге қатысты өтелген немесе алынған соттылықтың құқықтық салдары туралы мәселені қарау.
Бұдан бөлек сот төрағасы бірнеше мәселеде құқықтық реттеу шаралары қажеттігіне назар аударды.
- Қазақстан азаматтарының жеке пайдалану үшін көлік құралдарын уақытша әкелуіне;
- жеке және заңды тұлғалардың жер учаскелерін жалдау конкурстарына қатысу шарттарына;
- қылмыстық-атқару жүйесінде адам құқықтарының сақталуына қатысты мәселелерді құқықтық реттеу туралы.
Сөз соңында Эльвира Әзімова Парламенттің келесі сессиясы шеңберінде заң жобаларының тұжырымдамалық негіздемелерін және құқықтық мониторинг нәтижелерін қарау кезінде Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын ескеруді ұсынды.