1,8 млн қазақстандық әлі 85 мың теңгемен күн көріп отыр – депутат

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны небәрі 5,5 млн азамат / Коллаж: kursiv.media архиві 

Қазақстанда 3 млн адам – небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 млн 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Мұндай деректі Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев келтірді.

Депутат  2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуында жүйелі проблемалар мен кемшіліктердің аз болмағанын айтады.

«Президенттің қатаң ескертуіне қарамастан, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордан бюджетті толтыру үшін 5,6 трлн. теңге алынса, биыл тағы 5,3 трлн. жаратылады. Яғни бюджеттің 25 процентін Ұлттық қор арқылы толтырудамыз. Бұл қауіпті әрі оны жақын арада тоқтату мүмкін емес үрдіске айналды»,– деді депутат  Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Орташа жалақы 423 мың теңге…

Мәжілісмен азық-түлік бағасына да тоқталды. Жылда Үкімет оның небәрі 7-8 пайызға қымбаттағанын айтады. Ал шынтуайтында биыл бір ғана картоптың өзі 2,5 есеге өсіп, 500 теңге болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Үкіметтің елдегі орташа жалақы423 мың теңгені құрайды деген мәлімдемесіне де күмән келтірді.

«Мысалы, елімізде дәл қазір 3 млн адам – небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 миллион 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады?!», деді депутат.

Тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны небәрі 5,5 млн

Елнұр Бейсенбаев елдегі жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 15 жыл бойы өзгеріссіз 5%-ды қалып отырғанын айтты.

«Бұл – тым төмен әрі негізсіз көрсеткіш. Еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 млн адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыспен қамтылған екен», деп атап өтті мәжілісмен өз сөзінде.

Айта кетейік, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда жалақы көтерілетінін айтты. Яғни, 2026 жылдан бастап ең төменгі айлық алатындардың ақшасы көбеймек. Мөлшері анықталып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз