
2025 жылғы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай, Dara Президенттік бастамалар қоры елдің жетекші медиа ұйымдарының өкілдеріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер сертификаттарын табыстады.
Салтанатты шара барысында Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, Президент Тоқаевтың ақпарат саласына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Президенттің тапсырмасымен бұл игі шара үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Бұл – Мемлекет басшысының отандық БАҚ өкілдеріне үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанының дәлелі. Биыл тек журналистер ғана емес, режиссерлер, операторлар, корректорлар секілді медиасаладағы түрлі маман иелері де баспаналы болды. Әсіресе, әлеуметтік жағынан осал санаттарға – көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінді. Әріптестерімнің қуанышына ортақпын, шын жүректен құттықтаймын», – деді Руслан Желдібай.
Пәтерге ие болғандар қатарында «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы, «Хабар» агенттігі, «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС, «ЕВРАЗИЯ+ОРТ» ЖШС, «Atameken Business» медиахолдингі, Tengrinews және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері бар. Олардың ішінде дубляж редакторлары, эфир операторлары, дыбыс режиссерлері, тележурналистер, телеоператорлар, корректорлар секілді түрлі бағыттағы медиа мамандар бар.
Еске сала кетейік, 2023 жылы бес мемлекеттік БАҚ-тың 65 қызметкері, ал 2024 жылы 68 медиа маман баспанамен қамтылған болатын. Биыл бұл қатар тағы 66 адаммен толықты. Осылайша, ақпарат кеңістігінің сапалы дамуына үлес қосып жүрген журналистер мен техникалық мамандарға көрсетілетін қолдау дәстүрге айналып келеді.