Тоқаев әлемдік нейрохирургия саласының өкілдерімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында өтіп жатқан Уолтер Эдуард Денди атындағы нейрохирургия қоғамдастығының дүниежүзілік X конгресіне келген халықаралық сарапшыларды қабылдады.
Тоқаев бұл беделді форумның елімізде ұйымдастырылуын отандық нейрохирургия саласының жетістіктері мен кәсіби әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі екенін атап өтті.
Ұлт саулығы – кез келген елдің тұрақты дамуының негізі. Сол себепті денсаулық сақтау саласын жан-жақты дамыту мемлекеттік саясатымыздың басым бағыты болып қала береді. Қазақстан медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, білікті маман даярлауға, цифрландыру мен инновациялық шешімдерді енгізуге қомақты қаржы бөліп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың нейрохирургияда қолданылуына ерекше тоқталып, бұл бағытта Қазақстанда ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы мұндай озық технологиялар отандық нейрохирургия саласының дамуын жеделдетіп жатқанын айтты.
Жиынға қатысқан халықаралық сарапшылар:
- Салим Абдулрауф – Уолтер Эдуард Денди атындағы нейрохирургиялық қоғамдастықтың президенті, Джордж Вашингтон университетінің (АҚШ) нейрoхирургия профессоры;
- Александр Коновалов – Ресейдегі Н.Н. Бурденко атындағы ұлттық медициналық нейрохирургия ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі және құрметті президенті;
- Нур уль Овейс Джилани – Ұлыбританиядағы Great Ormond Street ауруханасының балалар нейрохирургиясы бөлімінің жетекшісі, University College London профессоры;
- Пьеро Пикоцци – Италиядағы Humanitas IRCCS зерттеу ауруханасының «гамма-пышақ» және стереотаксикалық нейрoхирургия департаментінің директоры.
Қазақстан тарапынан жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов қатысты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев атынан БАҚ қызметкерлеріне пәтер кілттері табысталған еді.