Lifestyle

Tech-burnout: неге digital-мамандар жұмыстан тез қажып кетеді?

Фото: shutterstock

Қазір дижитал-мамандардың дені үйден яки онлайн істейді. Сондықтан әріптестерін тек call арасында көріп, үйден шықпай істегеннен тез жалығып кетіп жатады. Жұмыс та бастан асып, дедлайн тіреліп тұрады. Егер осындай сезім таныс болса, онда цифрлық қажу һәм tech-burnout әлеміне есік ашылды деген сөз. Неге көбіне осы дижитал салада істейтіндер бұған көп шалдығады? Мұндайда қалай қалыпқа келуге болады? Осы туралы айтайық.

Tech-burnout деген не?

Бәрі әдеттегідей өтіп жатқан сияқты болады. Ай сайын айлық тұрақты түсіп тұрады. Жұмыста істейтін тапсырмалар да көңіліңізден шығады. Бірақ сонда да бірдеңе жетпей тұратын сияқты сезіледі. Ешқандай мотивация, шабыт, жалын жоқ. Тіпті еңбек демалысын алып, шетелге шығып келсеңіз де күйіңіз дұрысталмайтындай көрінуі мүмкін. Сонда бұл жерде мәселе неде? Апатия ма, шаршау ма? Асылы, проблема мүлдем басқада болуы ғажап емес.

Бұл күй жай ғана шаршаған кезде болмайды. Ол басқаша:

  • Жұмыс туралы ойласаңыз болды, бойда мазасыздық пайда болады,
  • Мессенжерге келген әр хатқа ашуыңыз келеді,
  • Бәрін тастап, тауға кетіп қалсам деп ойлайсыз.

Шынында, сіз ерініп не бойды жалқаулық басып тұрған жоқ. Сіз көп жұмыс істегеннен таусылып, қажып кеткенсіз. Ал дижитал салада мұндай күй басқа салаларға қарағанда өте жиі кездеседі.

Неге дәл digital-қызметкерлер тез қажып кетеді? 

Жұмысы 24/7 байланыста болуды қажет етеді

Иә, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ, өзіңізге-өзіңіз бастықсыз. Бір қарағанда жұмыс керемет сияқты. Жұрт сияқты күнде таңертең көзді тырнап ашқан бойда кеңсеге жүгірмейсіз. Бірақ оның орнына бітпейтін Slack, Notion, Telegram мен ондаған чат бар. Жылт еткен хабарламалар түнде де тоқтамауы мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды — мидың толыққанды тынықпайтынында. Яғни кешкі алтыдан кейін жұмыс бітті деген нәрсе жоқ. Сол адамды қатты шаршатады.

Қапылыс бітпейді

Дижитал салада бәрі дедлайнға тіреліп тұрады. Сайтқа салып тастау, рилс түсіру, кодты қайта жазу, оны сынақтан өткізу, жаңартуды тексеріп шығу дегендей тапсырма үйіліп тұрады. Әр күніңіз марафон сияқты өтеді.

Сіз — жалғызсыз, тапсырма — көп 

Digital-жұмыс бір қарағанда ғана оңай көрінеді. Қалаған жерден, қалаған кезде істеуге болады деп айтылады. «Жер қазып, тас шауып жатқан жоқсың. Неден шаршайсың?» деп айналаңыз түсінбеуі де мүмкін. Әйтсе де, бұған дейін айтқандай миыңыз мүлдем тынықпайды. Креатив, шешімдер, коммуникация, талдау дегеннің бәрі ойды босатпайды. Адам сонда шаршайды.

Үйіңіз — жұмысқа, жұмысыңыз үйге айналып кеткен.

Үйден істейтіндер бұл сезімді жақсы түсінуге тиіс. Бір қарасаңыз есеп жазып отырасыз. Бір қарасаңыз, дәл сол жерде шай ішіп отырасыз. Душқа түсем деп кірем, хатқа жауап беріп жатасыз. Содан ми шатасады. Демалып жатқан да сияқтысыз. Бірақ демалып жатқанға да ұқсамайсыз.

Жағдай қиындап бара жатқанын қайдан білуге болады?

Ол үшін сізге сигналдарды дөп басып үйрену керек. Мысалы:

  • Таңертең тұрғанда шаршаңқы болып оянсаңыз;
  • Кешке сүйікті сериалыңызды қарауға күшіңіз жетпесе;
  • Кез келген тапсырманы қиын деп қабылдайсыз;
  • Ештеңеге қызықпайсыз;
  • «Жұмыстан шығып кетсем бе екен?» деп жиі ойлайсыз; 
  • Басыңыз жиі ауырады, ұйқы бұзылған, тамаққа тәбет жоқ болса, демек сіз қажығансыз. Ағзаңыз сізге белгі беріп жатыр.

Қажып кетпеу үшін не істеу керек?

1. Жұмыс кестеңіз анық болсын

Қанша жерден фрилансер болсаңыз да, жұмыс күніңізді бекітіп қойыңыз. Нешеде басталатынын, нешеде аяқталатынын белгілеңіз. Мысалы 10:-00 мен 18:00 аралығында ғана жұмыс істейсіз. Басқа кезде жеке өміріңізбен айналысасыз.

2. Хабарламаларды өшіріп қойыңыз

Кешкі алтыдан кейін телефонға «мазаламаңыздар» деген фокус қойып қойыңыз. Сонда жұмыс чатынан хабарламалар келмейді. Миыңыз тынығады. Барлық шаруаны ертең, жұмыс уақытында істеп үлгересіз.

3. Жұмыс істейтін орынды ауыстырып тұрыңыз

Күнде үйден шықпай жұмыс істей беру оңай емес. Сондықтан мейлінше атмосфераны өзгертіп тұру ләзім. Мысалы, коуоркиңге барыңыз, кофеханадан істеңіз. Кітапхана да — жұмысқа қолайлы жерлердің бірі. Тіпті басқа қалаға барып келсеңіз де болады. Мұның бәрі сізге жақсы әсер етеді. 

4. Тәніңізге көңіл бөлсеңіз, жаныңыз рахат алады

Серуендеңіз, йога, жүзу, би, жүгіру сынды әдеттер қойыңыз. Бастысы, қимыл-қозғалыс керек. Сонда мазасыздық азайып, энергия аласыз.

5. Жұмыс арасында үзіліс алыңыз

Үзіліс деген жұмысты тоқтату ғана емес. Шынымен демалыңыз. Лентаға скролл жасамаңыз. Орныңыздан тұрып, су ішіп келіңіз. Жаттығу жасап алсаңыз құба-құп. Тым болмаса, ештеңе істемей жай ғана жата тұрыңыз. 10 минут болса да жеткілікті. Нағыз үзіліс деген осы.

Әбден қажып кеткендерге қандай кеңес беруге болады?

  • Біріншіден, қажығаныңызды мойындаңыз. Осы нәрсе маңызды.
  • Артық клиент, жоба, кездесу — бәрін алып тастаңыз.
  • Бірнеше күн жұмыстан демалыс алыңыз. Мүлдем жұмыс істемеңіз.
  • «Қазір істей алмаймын» деп бас тартып үйреніңіз. Қорықпаңыз.
  • Маманға барыңыз. Психотерапияға әлсіздер ғана барады деп ойламаңыз. Ресурсты қайтарғыңыз келе ме, онда маманға жүгіну керек.

Компаниялар қызметкерлеріне қалай көмектесе алады?

Егер сіз жетекші не HR болсаңыз, онда мына нәрселерді назардан тыс қалдырмаңыз:

  • Қызметкер қажып кетсе, онда команда құриды.
  • Жұмыс кестесін ыңғайлап беріңіз. Түнде мазаламаңыз. Компания психолог қызметін төлесін. Дедлайндарды тақап қоймай, ойға қонымды қылып бекітіңіз.
  • Адам өзін қауіпсіз сезінген жерден кеткісі келмейді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін фрилансердің жұмыс ритмі туралы жазған едік.