
Krisha.kz мәліметінше, маусым айында екінші нарықтағы тұрғын үйдің бағасы 2024 жылдың осы айымен салыстырғанда орта есеппен 7%-ға өсті.
Жылдык баға өсімі бойынша Ақтау көш бастап тұр: бұл қаладағы баспана бір жылда +18% өскен. Одан кейін Астана (+11%) және Алматы (+8%) келеді. Ең аз өсім Таразда (+1,4%) және Көкшетауда (+2%) тіркелді. Ешбір қалада баға төмендеуі байқалған жоқ.
Жарты жылдағы динамика қандай?
2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде екінші нарықтағы тұрғын үйдің бағасы орта есеппен 3,4%-ға көтерілді. Маусымда өсім баяулап, мамырмен салыстырғанда тек 0,5%-ды құрады.
Жарты жылда ең жоғары өсім Қостанай мен Ақтауда байқалды — +7,6%. Павлодарда баға 5,3%-ға, Өскеменде 5%-ға, Атырауда 3,7%-ға өскен. Алматы, Астана және Шымкент қалаларында баға орта есеппен 3%-ға көтерілді. Жалғыз Көкшетауда баға жарты жылда 0,5%-ға төмендеген.
Сарапшыларлың айтуынша, жаңа тұрғын үйлердің қымбаттауы, инфляцияның жоғары болуы және 2026 жылы ҚҚС мөлшерлемесінің 16%-ға дейін өсуі сатушыларды бағаны көтеруге итермелеп отыр. Дегенмен сұраныстың бәсеңдеуі баға өсімін тежейді. Сол себепті нарықта сауда жасауға икемділік бар: шынайы сатып алушыларға жақсы жеңілдіктер ұсынылуы мүмкін.
Баға бір айда қалай өзгерді?
Маусым айында тұрғын үйдің орташа шаршы метрі 393 415 теңге болды. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 0,5%-ға жоғары. Бір ай ішінде Ақтауда баға біршама өскен (+5%). Семей, Павлодар және Атырауда да 1,3–1,7% аралығында өсім байқалды.
Ал Шымкент, Ақтөбе және Көкшетауда баға сәл төмендеген. Сарапшылар бұны маусымдық баяулаумен және сатып алушылар белсенділігінің төмендеуімен байланыстырады.