Қазақстанда мемлекеттік крипторезерв құрылмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Крипторезерв
Фото: kursiv.media

Ұлттық банк жанынан мемлекеттік криптоактив резервін құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутаттық сауалға берген жауабында айтқан.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, мұндай резервтің негізгі көздері — тәркіленген криптоактивтер мен мемлекет қатысатын майнингтен алынған криптовалюта болуы мүмкін. Сонымен қатар крипторезервті қауіпсіз сақтау үшін арнайы басқарушы ұйым құру қарастырылып отыр. Сүлейменовтің айтуынша, криптоактивтерді сақтау мен пайдалануда ашықтық пен тұрақтылық басты талап болады.

Ұлттық банк крипторезервті тиімді басқару үшін халықаралық егемен қорларды басқару тәжірибесін негізге алмақ. Алдағы уақытта резервті толықтыру мен цифрлық активтерді пайдалану тәртібін заңмен бекіту жоспарлануда. Бұл үшін Ұлттық банк Мәжіліс депутаттарымен бірге заңға түзетулер енгізуді талқылауға дайын екенін айтты.

Бұған дейін депутаттар криптонарықты реттеуде жүйелі мәселелер бар екенін айтып, тәркіленген криптовалюталарды сақтау жүйесінің жоқтығын, заңсыз криптобиржалар мен блогерлердің жастарды көлеңкелі нарыққа тартуын сынға алған болатын. Осыған байланысты олар крипторезерв құруд, «крипто-коуч» қызметін лицензиялау, банктерді бақылауды күшейту және заңсыз платформаларды бұғаттауды ұсынған еді.

Сонымен бірге Бас прокурор Берік Асылов криптовалюталарды тәркілеудің жаңа механизмін енгізуді және криптовалюта жарнамалайтын коучтар мен блогерлердің қызметін шектеуді қолдады. Ол биылғы екі тоқсанда елімізде Т8,3 млрд көлеміндегі криптовалютаны айырбастауға рұқсат берілмегенін де атап өткен.

Алматы маңындағы жаңа Алатау қаласы крипто-аймаққа айналуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз