
Қытайдың жетекші электромобиль өндірушісі – BYD компаниясы 2025 жылдың соңына дейін Венгрияда өз зауытын іске қосатынын ресми түрде растады. Бұл кәсіпорын елдің оңтүстігіндегі Сегед қаласында салынып жатыр және BYD-дің Еуропадағы алғашқы өндірістік орталығы болмақ. Аталған қадам BYD-дің Еуропадағы орнын күшейтуге және Еуроодақтың қытайлық автоөндірушілерге қатысты сауда шектеулерін айналып өтуге деген стратегиялық ұмтылысының айғағы.
Неліктен Венгрия таңдалды?
BYD Венгрияны таңдауы кездейсоқ емес. Бұл ел соңғы жылдары шетелдік инвесторлар үшін маңызды өндірістік алаңға айналды. Мұнда BMW, SK On және қытайлық аккумулятор өндіруші CATL өз зауыттарын салып жатыр. Венгрия үкіметі инвесторларға мол субсидиялар ұсынып, салықтық жеңілдіктер мен тиімді логистиканы қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар елдің географиялық орналасуы – Орталық және Шығыс Еуропа нарықтарына жақындығы, Балқан аймағына шығу мүмкіндігі және білікті жұмыс күшімен қамтамасыз етілуі – шетелдік өндірушілер үшін үлкен артықшылық.
Венгрияның инвестицияларды тарту агенттігінің (HIPA) деректеріне сүйенсек, BYD жобасы ел тарихындағы ең ауқымды өнеркәсіптік инвестициялардың бірі болмақ. Алғашқы кезеңде 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Кәсіпорын 300 гектар аумақты алып жатыр. Бірінші кезеңде жылына шамамен 150 мың электромобиль шығарылады. Келесі жылдары өндіріс көлемі 300 мың көлікке дейін ұлғайтылады. Өндірісті іске қосу 2025 жылдың екінші жартысына жоспарланған. Спутниктік суреттерге сүйенсек, құрылыс қарқынды жүріп жатыр: шанақ цехтары, бояу, жинау, сынақ алаңдары және логистикалық орталықтар бой көтеруде.
Зауытта BYD Dolphin (хэтчбек), Atto 3 (кроссовер) және болашақта арнайы Еуропа нарығына арналған жаңа үлгілер құрастырылмақ. Бұл модельдер тиімді баға, үнемділік және қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жасалған. Сондықтан Volkswagen, Renault және Stellantis секілді брендтерге айтарлықтай бәсекелестік тудыра алады.
ЕуроОдақтың баж салығына жауап
BYD-дің Еуропада өндіріс ашуы ЕуроОдақтың жаңа сауда саясатына тікелей байланысты. 2024 жылдың маусымында Еуропалық комиссия қытайлық электромобильдерге қарсы уақытша қосымша баж салығын енгізді. Кейбір компаниялар үшін бұл салық 37,6%-ға дейін жетті. BYD үшін бұл көрсеткіш 17,4% деңгейінде бекітілді.
Сол себепті BYD Еуропа аумағында өндіріс ашып, кедендік шектеулер мен логистикалық шығындарды азайтуды, сонымен қатар экологиялық стандарттарға сай болуды және жергілікті компоненттерді пайдалануды көздеп отыр.
Шикізат пен өндірістік тізбекті жетілдіру
BYD зауыты тек құрастыру желісі емес, тұтас өндірістік экожүйенің бір бөлігіне айналмақ. Компания Австрияның voestalpine концернімен болат жеткізу жөнінде келісімге қол қойды. Сондай-ақ аккумулятор жеткізу бойынша венгриялық CATL зауытымен әріптестік мәселесі талқылануда.
Компания аккумуляторлардан бастап, электр қозғалтқыштары мен басқару жүйесіне дейінгі негізгі компоненттерді жергілікті өндіріс арқылы қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл шешім Еуроодақтың жаңа экологиялық талаптарына сай келу үшін маңызды.
Венгрия экономикасына әсері
Жаңа зауыт Оңтүстік Альфельд аймағы үшін маңызды серпіліс болатыны сөзсіз. Тікелей жұмыс орындарынан бөлек, құрылыс, логистика, қызмет көрсету және оқыту салаларында да мыңдаған қосымша жұмыс орны ашылады.
BYD Венгрия оқу орындарымен бірлесіп мамандар даярлау орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл орталықта робототехника, мехатроника және электромобильдерге техникалық қызмет көрсету бойынша кадрлар даярланады.
BYD зауыты ең жоғары экологиялық стандарттарға сай жұмыс істемек. Жоба авторлары осындай уәде беріп отыр. Кәсіпорын жасыл энергияны, соның ішінде күн электр станциясын (200 МВт) қолданады. Сондай-ақ су айналымының жабық жүйесі енгізіліп, көмірқышқыл газының шығарындылары азайтылады.
Бұл экологиялық шаралар жергілікті халық мен үкімет талаптарына жауап беріп, компанияның тұрақты даму қағидаттарын ұстанатынын көрсетеді.
Еуропа нарығына жоспарлар
Сегедтегі зауыт – BYD-дің Еуропадағы жалғыз жобасы емес. Компания 2026 жылдан кейін екінші зауытты Еуропаның батыс өңірлерінің бірінде салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын Францияда немесе Испанияда ашылуы мүмкін. Сонымен қатар Түркия аумағында да өндірістік алаң ашу қарастырылып жатыр.
Компанияның мақсаты – 2030 жылға қарай Еуропадағы нарықтың 10%-ына иелік ету. Бұл жылына 1,5-1,8 миллион электромобиль өндіруді қажет етеді.
BYD-дің Венгриядағы зауытының іске қосылуы – Еуропа нарығындағы автосала құрылымының өзгеріп жатқанын білдіреді. Қытайлық бренд енді тек экспорттаушы ғана емес, Еуропаның ішкі өндірісінің бір бөлігіне айналып отыр. Бұл жаңа жұмыс орындары, жаңа технологиялар және жаңа бәсекелестік.
Сонымен қатар бұл еуропалық автоөндірушілерге арналған сынақ. Олар BYD секілді тиімді, жылдам және қолжетімді шешімдер ұсынатын бәсекелестерге төтеп бере ала ма? Бұл сұраққа алдағы бірнеше жыл ішінде жауап табылатыны анық.
Айта кететіні, осыған дейін Қытайдың авто алпауыты Еуропалық одақ нарығына бағасы арзан Dolphin Surf электрокарын таныстырған еді. 26 мың доллар тұратын авто 21 мамырдан бастап сатыла бастады.