Шығыс Балқашқа саяхат: қалай жетуге болады және баға қандай

Жарияланды
Youtube бөлімінің тілшісі
Шығыс Балқашқа қалай жетуге болады/Фото: Жетісу облысының баспасөз қызметі 

Балқашқа саяхаттайтындардың көпшілігі Қарағанды және Жамбыл облысы жағындағы жағалауға барады. Алайда Шығыс Балқашты біреу білсе, біреу білмес. Жетісу облысындағы Сарқан ауданындағы жағалау жаңа дестинация ретінде енді танылып келеді. Алдағы жылдары ауқымды рекреациялық жобаға айналып, Жетісу облысына келетін туристер санына 9 есеге арттыруы мүмкін. Kursiv.Media тілшісі шығыс Балқашқа апаратын жол мен инфрақұрылымын өз көзімен көріп қайтты.

Суы тұзды, жағасы құм  

Балқаш көлі жағажай туризмін ұнататындар үшін таптырмас жер. Көлдің  бірегейлігі батыс жақ бөлігінің суы тұщы болса, шығыс жағы тұзды. Шығыс жағында жазғы демалу кезеңі маусымның ортасынан басталып тамыздың соңына дейін созылады. Жаз бойы ауа температурасы 28-30 градус шамасында болады. Суы тұзды және жұмсақ, емдік қасиеті бар, жағасы таяз және құм. Осы қасиетін ұнататындар жаз шыққан бойда Балқашқа қарай ағылады.

Соңғы жылдары Балқаштың суына шомылып, жағалауында күнге қыздырынғысы келетін саяхатшылардың қатары еселенуде. Әсіресе, Ресейден келушілер көп деседі. Сарқан ауданы әкімдігінің дерегінше, қазір бір маусымда 52 мың адам демалады. 

Фото авторы: Жания Әбдібек

Алайда, көлдің маңындағы демалыс орындары жазғы маусымда көп қонақ қабылдауға дайын емес. Себебі инфрақұрылымы әлсіз. Он шақты демалыс аймағы бір-бірінен алыс орналасқан, арасында шебін жолмен қатынайды. Интернет те нашар. Жағалауда да демалуға қажет жағдай: дәретхана, киім ауыстыру орындары мен шатырлар жеткіліксіз.

Демалушылардың көбі бір күнге келіп, кетеді. Егер қонатын болса, демалыс аймағындағы үйшіктердің бір күндігі адам басына 7-10 мың теңге аралығында.  

«Демалатын жерлер аз. Оларды алдын ала броньдап қояды. Біз келгенде орын таппай қаламыз.Сол себепті  таңертең келіп, суға шомылып, кешке қайтамыз. Сосын жағажайға дейін жол кіргізсе, жақсы болар еді», -дейді демалушы Нұржан. 

Фото авторы: Даниил Девяткин

Алматыдан қалай жетуге болады? 

Алматыдан Шығыс Балқаш жағалауына дейін пойызбен, автобуспен және жеңіл көлікпен жетуге болады. Пойызды таңдайтындар Алматыдан Лепсі станциясына дейін 9-12 сағат жүреді. Лепсіден ары қарай көлге дейін таксимен жарты сағаттай жол бар.  

Фото авторы:: Даниил Девяткин

Ал автокөлікпен және автобуспен баратын жол алты сағаттан астам уақытты алады. Қуанарлығы –  жол тегіс. 2018 жылы басталған Балқашқа апаратын жол құрылысы биыл аяқталып, толық ашылды. Облыстық деңгейдегі тас жолдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 6 мың көлік. Десе де, жол бойындағы тоқтайтын жерлер әлі дайын емес. Алдағы екі айда жолда 4 демалыс алаңы мен 14 заманауи дәретхана торабы ашылады деген жоспар бар. 

Инфрақұрылым түйіткілі шешілуде 

Жетісу облысының әкімдігі былтырдан бері инфрақұрылым мәселесімен айналысып жатыр. Сарқан жақтағы 16 шақырым жағалауды рекрациялық аймаққа айналдыру жобасын іске асыруда. Қазір электрмен және сумен қамту, кәріз жүйелері, жағалау жиегіндегі автожол құрылысы жүріп жатыр. 

«Бүгінгі таңда су құбыры салынып бітті. Осы демалыс маусымында су беруді жоспарлап отырмыз. Сол сияқты электр бағандары қойылып, электр қуаты берілді. Оған қоса жағалау бойында ұзындығы 9,3 км болатын автокөлік жолын салуға жер дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы Балқаш жағалауына инженерлік инфрақұрылым тарту 2026 жылы бітуі тиіс еді. Жұмыс кестесінен озық келе жатқандықтан, мерзімінен бұрын бітіреміз деген ойдамыз», – деді Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.  

Туристік кластерге айналады  

Сарқан ауданы әкімдігінің жоспары бойынша, инфрақұрылым аяқталған соң, бұл аймақта жағажайлар, серуендейтін жолдар, балшықпен емдейтін сауықтыру орындары ашылып туристік кластерге айналады. Алайда бұл ауқымды жобаны сыртқы инвестициясын жүзеге асыру мүмкін емес. Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде әлеуетті инвесторлар бар.

«Инвестор нөлден бастап, барынша көп адам тарта алатын демалыс аймақтарын ашқысы келеді. Қазірдің өзінде 1 млрд теңгеден астам қаржы салуға дайын 5-10 инвестор бар. Мұндай адамдардың лашық салмайтыны түсінікті. Ол сапаға инвестиция құйып, мұнда сұлулық жасайды. Біз өз тарапымыздан инфрақұрылымды тартып, дайындап береміз»,- деді әкім.

Жоба аяқталған соң, бұл Балқаштың қонақ қабылдау әлеуетін артып, тәулігіне 23 мың қонақ қабылдап, жатын нөмірлер саны 7 мыңға дейін жетпек. Автокөлікке арналған 7 мың орындық тұрақ ашылады. Жоба аяқталған соң, бір маусымда 450 мыңнан астам адам демалады деп болжанып отыр. Сонымен қоса, демалыс мауысымында 4,5 мың адам жұмыспен қамтылады.

Көлік министрлігі жазғы демалыс маусымында Балқаш курорттық аймағына қосымша пойыздар жолға шығатынын мәлімдеп, көлік арқылы жетуге болатын мартшруттарды жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз