Шымкентте полиция капитаны «Зорлау» бабымен күдікке ілінді

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары полиция капитаны Ерлан Жұмановтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мұны қалалық полиция департаменті растады.
Әлеуметтік желіде Ерлан Жұмановтың үстінен әріптесі арыз түсіргені, оның үстінен «Зорлау» бабымен қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде хабар тарады. Бейресми мәлімет бойынша, арызданушы жүкті болып қалған.
«Әйелдің арызы бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, арызданушы мен арызда көрсетілген ер адам бұрын жақын қарым-қатынаста болған», – деді Курсивке қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция «тергеу аяқталғаннан кейін тиісті процессуалды шешім қабылданады» деді. Полиция қызметкерінің үстінен қай бап бойынша іс қозғалғаны беймәлім.
«Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды» делінген полиция хабарламасында.