Бала тілі – экран тілі: Ұл-қызыңыз қай тілдегі контентті тұтынады

Жарияланды
SMM бөлімінің тілшісі
Бала тілі – экран тілі: Ұл-қызыңыз қай тілдегі контентті тұтынады / Фото: kursiv.media

Балаларға қай тілде мультфильм көрсетіліп жүр? Телеарналар мен түрлі платформаларды ашқан сәтте алдымен қай тілдегі контент баурап алады? Бұл – баланың санасына, болашағына әсер ететін маңызды әрі өткір сұрақ. Себебі баланың тілі ғана емес, дүниетанымы мен ұлттық болмысы да медиа арқылы қалыптасады. Ал қазіргі таңда мемлекеттік тілдің балалар медиа кеңістігіндегі орны қандай және қандай мәселелер бар? Курсив медиа тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді. 

Астана қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы Гаухар Сүндет балаларының қазақтілді контентті көрмейтінін айтады. Айтуынша, оның түрлі себептері бар. 

«Балаларым қазақша контентті көп көрмейді. Өйткені қызық емес дейді. Көбі TikTok пен Instagram-ды қарайды. Кейде өзім де қарап көрсем, қазақ тіліндегілердің сапасы нашар, не дыбысы түсініксіз, не баланың жасына сай емес. Ал орысша, ағылшынша контент бірден тартып алады. Түрлі мультфильмдер, қызықты анимациялар, күлкілі видеолар – бәрі сол жақта. Дегенмен әлеуметтік желіде таралып жатқан кейбір контенттер баланың жасына сай емес, сондықтан өзіміздің төл туындыларымыз болғанын қалаймыз», — дейді Гаухар Сүндет. 

Оның айтуынша, балалардың тілін қалыптастыруда контенттің рөлі зор. Үйде ата-анасы қазақша сөйлегенімен, бала экраннан күнделікті көретін нәрселерді сол тілде қабылдайды. Ол балалары ана тілінде емес, басқа тілдерде сөйлеп кете ме деп алаңдайды. 

Ал бастауыш сынып мұғалімі Қуаныш Досанова балалардың тілдік ортасына және тәрбиелік контенттің тапшылығына көңіл бөлу керек деп есептейді. Оның айтуынша, балаларға арналған контент тәрбиелік мәні бар, тарихи және заманауи жанрда, бірақ визуалды және мазмұндық жағынан тартымды болуы керек. 

Қуаныш Досанова / Фото: Жеке мұрағатынан

 «Қазіргі таңда цифрлы қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, балалардың негізгі ақпарат көзі — YouTube пен теледидардағы мультфильм арналары. Балалар көретін дүниелердің көбі орысша немесе ағылшын тілінде. Қазақша контенттің күнделікті түрде жаңарып, қызықты форматта ұсынылуы өте маңызды.Қазақ тіліндегі балаларға арналған анимациялар мен бағдарламалар өте тапшы. Мұндай контент балаларға күнделікті қажет, өйткені тіл үйрену — үздіксіз процес. Балалар өзара көбіне орысша сөйлеседі. Бұл — тілдік ортаның әсері. Ал ата-аналардың көбі жұмысбасты болғандықтан, балаларға көп көңіл бөлінбейді. Үйдегі тіл де кейде орысшаға ауысып кетеді», — дейді мұғалім.

Осы орайда біз Balapan арнасының директоры Мақпал Утекованың да  пікірін білдік. Жалпы арнада қандай контенттер өндіріліп,қазақтілді контенттің таралуы үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрап көрдік.

Мақпал Укенованың айтуынша, бүгінде отандық анимация өндірісі  қарқынды дамып келеді. «Balapan» телеарнасы кейінгі 5 жылда бәсекелестіктің жаңа деңгейіне көтерілген. Елімізден бөлек Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттері аумағында таралады. Дегенменбалаларға арналған контентті өндіруде қиындықтар кездеседі. Мәселен, анимациялық студиялардың техникалық базасын жаңарту, сценарий жазатын авторлардың тапшылығы сынды мәселелер әлі де өзекті. 

Мақпал Укенова / Фото: Жеке мұрағатынан

 «Шамамен 5 жыл бұрын анимация жасайтын  мамандар тапшы болған. Қазір бұл салаға жастар бет бұрып, мультипликаторлардың қатары көбейе түсті. Дегенмен, мамандардың біліктілігін арттыру  және кейбір анимациялық студиялардың техникалық базасын жаңарту әлі де өзекті мәселе болып қала береді.  Сондай-ақ, елімізде балаларға арнап сценарий жазатын авторлардың аздығы да кемшін тұстардың  бірі деуге болады», –дейді Утекова. 

Бұдан бөлек, мультфильмдердегі кейіпкерлерді дыбыстау жағынан да қиындықтар кездеседі. 

«Мультфильмдегі бала кейіпкерлерді әлі күнге дейін ересек актерлер дыбыстап келеді. Ал біз дубляжға балаларды көбірек тартуға ден қойып жатырмыз.   Себебі  балақайлардың  дыбыстауы әлдеқайда тартымды әрі шынайы естіледі. Бірақ дубляж жасай алатын балаларды табу және оларды дайындау қиынға соғып жатқаны да рас.    Отандық анимация  өндірісінің тарифі шетелдік нарықпен салыстырғанда әлдеқайда  төмен екеніне қарамастан, сапасы жағынан кем түспейтін жобаларымыз бар. Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан мультипликация саласын дамытуға күш салына бастады.  Бұл бастаманы кезең-кезеңімен жетілдіру арқылы, алдағы онжылдықта әлемдік нарықта бәсекелесе алатын деңгейге жетуге болады деп ойлаймыз», – дейді маман. 

Сондай-ақ еліміздегі балаларға арналған қазақ тілінде контент тарататын телеарнаның негізгі мақсаты – ұлттық идеологияға негізделген жобаларды әзірлеу. Мақпал Утекованың айтуынша, балалар ұлттық дүниетанымын тану үшін ақпаратты қазақ тілінде алуы керек. 

«Қазақ  балалары  ақпаратты ана тілінде  алуы керек. Себебі, ұсынылатын өнім кішкентай көрерменнің сөйлеу дағдысы мен жалпы дүниетанымының  қалыптасуына зор ықпал етеді. Сондықтан, ақпаратты жеткізу тілі барынша таза, көркем болуы өте маңызды. Бұған қоса, жоба идеясы мен мазмұнының ұлттық идеологияға негізделуін, техникалық сапасының жоғары болуын, қолданылатын түстер мен бейнелердің бала денсаулығы мен дамуына зардабын тигізбеуін негізгі талаптар  ретінде қарастыру керек», –дейді телеарна директоры. 

Мамандардың айтуынша, баланың тілдік қоры ең қарқынды 3 пен 7 жас аралығында қалыптасады. Бұл – баланың қоршаған ортаны, дыбысты, мағына мен сөйлем құрылымын саналы түрде қабылдай бастайтын кезеңі. Сондықтан дәл осы уақытта қандай тілде мультфильм көріп, қандай дыбыстық ортада өссе, сол тілде ойлау қабілеті басым болады.

Тіл маманы Еркеназ Айтбайдың айтуынша, қазақ тілді контент тек тәрбие құралы ғана емес, тілдік сана қалыптастыратын стратегиялық құралға айналуы тиіс.

Еркеназ Айтбай / Фото: Жеке мұрағатынан

«Бала мультфильм, ән, ертегі, ойын арқылы тілді сіңіреді. Экрандағы тіл баланың сөздік қорына тікелей әсер етеді. Бүгінде қазақша контенттің көлемі артып келе жатқаны қуантады. Дегенмен балаларға арналған контенттің сапасы әлі де назар аударуды қажет етеді. Көп жағдайда дыбыстау кәсіби емес, тілдік стиль тым күрделі немесе жасанды. Мұның барлығы баланың ана тіліне деген қызығушылығын төмендетіп жіберуі мүмкін», – дейді ол.

Маман балалар медиасын мемлекеттік тіл саясатының маңызды бағыты ретінде қарастыру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл салада сапаны бағалайтын жүйе, тұрақты мониторинг және сараптама орталықтары әлі қалыптаспаған.

«Балалар медиасы – тілдің болашағына жасалатын инвестиция. Мұны тек контент өндірушілерге емес, жалпы тіл саясатына жауапты құрылымдарға қатысты үлкен мәселе ретінде қарау керек», – дейді Еркеназ Айтбай.

Сондай-ақ оқыңыз