Антикор Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамына кірді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамына кірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы қаулыға қол қойды.
Осылайша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылады.
Ал қайта ұйымдастырылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кей функциясы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беріледі. Оның ішінде енді агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функцияны атқарады.
Қаулыға сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесінен шығарылды.