
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде үш жаңа кассациялық сот құрылады. Олар Астана қаласында орналасады және бірінші сатыда, апелляциялық сатыда шыққан үкім не шешімдерді қарайды. Кассациялық сот құрылғаннан кейін не өзгеретінін KursivMedia материалынан біле аласыз.
Үш кассациялық сот құрылады
Қазірге дейін кассациялық инстанция ретінде жұмыс істеген Жоғарғы Сот түскен өтініштер бойынша барлық істі қарамаған. Себебі Жоғарғы сотқа жүгінген кей азаматтың өтініші іріктеуден өтпей қалған. Яғни, сот актілерін қайта қарауға негіз бар-жоғы тексерілетін, барлық іс автоматты түрде қарала бермейтін.
Ал жаңа кассациялық соттар осы шектеуді алып тастайды. Істер бірден кассациялық соттың қарауына беріледі. Осылайша Астанада үш кассациялық сот құрылады. Олар:
- Қылмыстық істер бойынша;
- Азаматтық істер бойынша;
- Әкімшілік істер бойынша.
Не өзгереді?
Енді азаматтардың сот үкіміне шағымы сотқа түскен күннен бастап 6 ай ішінде қаралады.
Кассациялық соттарда, оның ішінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша соттарда жалпы 90 судья жұмыс істейді.
Олар бірінші сатыдағы соттардың үкімдері, қаулылары апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін оларды қайта қарау туралы кассациялық шағымдарды, апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдерін, қаулыларын;
бірінші сатыдағы соттың үкімдері мен қаулыларына олардың апелляциялық сатыда қайта қаралғанына не қаралмағанына қарамастан, апелляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларға Бас прокурор мен оның орынбасарларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының наразылығын қарайды.
Жоғарғы сот қандай жағдайда араласады?
Жоғарғы сот қылмыстық істерді ерекше жағдайларда ғана қарайды. Олар:
- қабылданған сот актілері мемлекет немесе қоғам мүддесі, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қозғайтын не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкелуі мүмкін болса;
- адам өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатса;
- қабылданған сот актілері соттардың құқық нормаларын түсіндірудегі және қолдануындағы біркелкілікті бұзса, заңды күшіне енген сот актілері кассациялық сатыда қаралғаннан кейін Жоғарғы сот судьясының ұсынуы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша оларды айрықша жағдайларда қайта қарауы мүмкін.
Кассациялық шағымды қалай беруге болады?
Кассациялық шағым кассациялық сотқа жіберілгенде мына ақпаратты қамтуға тиіс:
- кассациялық шағым берген адамның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, байланыс нөмірі;
- шағым жасалған сот актілері және оларды шығарған соттардың атауы;
- сот актісінің қай бөлігінде немесе оған толық көлемде кассациялық шағым берілгенін, наразылық келтірілгенін көрсету;
- сот актісінің қай жері дұрыс емес екені, істі қарау кезінде заңның қандай нормалары бұзылғаны және бұл бұзушылықтың шығарылған сот шешімдеріне қалай әсер еткені туралы дәлелі;
- кассациялық шағымды берген адамның істі қарау барысында қатысатыны не қатыспайтынын көрсету.
- Кассациялық шағым, наразылық қылмыстық іс қай тілде жүргізілсе, сол тілде берілуге тиіс.
- Сотталғандар кассациялық шағымы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің әкімшілігі арқылы береді.
Айта кетейік, Президент 2024 жылдың 21 қарашасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.