
Шымкенттегі сумен жабдықтау және су бұру нысандары мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
2004 жылдан бастап 22% үлесі мемлекетке тиесілі Шымкенттегі сумен жабдықтау нысандарын «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС басқарған.
Агенттіктің Шымкент бойынша департаменті қаржылық талдау жүргізіп, нәтижесінде компанияда серіктес құрылымдармен байланысты күмәнді қаржы операциялар және шығын анықталған.
Сумен жабдықтау саласындағы заң бұзушылықтар, оның ішінде Су кодексінің талаптарына сәйкес келмеуі, жекешелендіру кезінде процедуралық ауытқулар және тиімсіз басқару фактілерінің анықталуына байланысты, материалдар нысандарды мемлекет меншігіне қайтару үшін әкімдікке жолданды.
Шымкент мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты сумен жабдықтау және су бұру нысандарын жекешелендіруді жарамсыз деп тану және оларды бастапқы жағдайына келтіріп, мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Әкімдік берген мәліметтер бойынша, сумен жабдықтау тарифі 30%-ға төмендейді.
Айта кетейік, Алматыда 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап су тарифі қымбаттады.