Антикор зейнеттегі генерал-майорды ұстады

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бұрынғы қолбасшысы, зейнеттегі генерал-майор ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров Астанада өткен брифингте мәлім етті.
Оның сөзінше, генерал адал кәсіпкердің сенімін теріс пайдаланып, жоғары лауазымды әскери тұлғаның беделін қолдана отырып, ол аса ірі көлемде ақша қаражатын иемденген деген күдікке ілінген.
«Қылмыс әлеуметтік жобаларға инвестиция салудан жоғары табыс түседі деген желеумен, Қазақстан аумағында министрліктер мен шетелдік әріптестердің ықпалды өкілдерінің көмегімен жүзеге асады деп уәде беру арқылы жасалған», – деді ол.
Күдікті қамауға алынған. Данияр Бегайдаров оның осыған ұқсас өзге де құқықбұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іздеу жарияланған экс-судья Қарлығаш Таткеева туралы ақпарат жолдағандарға сыйақы берілетінін мәлімдеді.
Одан бөлек, брифингте Шығыс Қазақстанда антикор тергеушісі қамауға алынғаны хабарланды.
Айта кетейік, бүгін президент қаулысымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамына кірді.
Ал қайта ұйымдастырылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кей функциясы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беріледі. Оның ішінде енді агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функцияны атқарады.