Депутат Базарбек келер жылдан мемлекеттік аппаратты қысқарту керек екенін айтты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жасандық интеллект арқылы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру аясында мемлекеттік аппаратты қысқарту керегін мәлімдеді.
Оның сөзінше, 2026 жылдан бастап бюджет шығындарын қысқартпаса, мемлекет қарыз қыспағында қалуы мүмкін.
«2026 жылдан бастап мемлекеттік аппаратты біртіндеп қысқартуымыз керек. Одан үкімет қорқады, қорықпау керек. Біз біртіндеп Самұрық-Қазына қорының, Бәйтерек ұлттық компаниясының, министрліктердің әкімшілік аппаратын дереу қысқартуымыз керек. Министрліктерді біріктіруіміз керек. Аз халқы бар Қазақстанға осыншама министрлік қажет емес. Су министрлігі мен Экология министрлігін, Қаржы мен Ұлттық экономика министрліктерін, Индустрия министрлігі мен Көлік және Құрылыс министрліктерін қоса салуға болады. Әр министрдің 6 орынбасары бар. Оларды қысқартып, 2-еуін қалдыру керек», – дейді Бақытжан Базарбек кезекті еңбек ддемалысына кетер алдында.
Депутат осылайша, 2030 жылға дейін мемлекеттік аппаратты 20-30 пайызға қысқарту керек деп санайды. Ал қысқарған мамандықтарды басқа профильге оқытып, басқа салаға ауыстыруға болады.
«Қолымда тетік болса, 2040 жылға дейін үкімет пен парламенттің тең жартысын жасанды интеллектке ауыстырып тастар едім. Орталық аппараттарды, әкімдіктерді, Самұрық-Қазына мен ұлттық компанияларды қаржыландыру көбіне ауаға кетіп жатқан қаражат. Өйткені мемлекеттік қызметшілердің атқаратын қызметін жасанды интеллект атқара алады», – дейді ол.
Депутат бұған дейін де «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерекке» шүйлігіп, олардың жұмысына көңілі толмайтынын айтқан.