«Kyzdar.net» сайтын неге бұғаттай алмай отыр

Сенатор Марат Қожаев интимдік қызметтер ұсынатын «Kyzdar.net» сайты неліктен әлі күнге дейін бұғатталмағаны жөніндегі сұраққа жауап берді.
Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Алайда Ішкі істер министрінің экс-орынбасары ретіндегі тәжірибесіне сүйеніп, заманауи жүйелердің мүмкіндігі бұл жұмысты қиындатып отырғанын атап өтті.
«Мысалы, Kyzdar.net дегендегі нүктені алып тастаса, бұғатталмаған жаңа ресурс пайда болады. Яғни бұғатты айналып өту жолы өте көп. Егер біз жаппай жабатын болсақ, бірінші кезекте сөз еркіндігінің шектелгелі туралы өздеріңіз наразылық білдіресіздер», – деді ол кулуарда журналистер сұрағына жауап беріп.
Бұған дейін, ІІМ желідегі жезөкшелікке қарсы күресте шарасыз екенін мойындағандай болған. Министрлік мәліметінше, сайт домендік атауларын жедел жаңарту арқылы қолжетімділігін сақтап қалуға мүмкіндік алып отыр. Мысалы, бүгін Kyzdar.net сілтемесі бұғатталса, дереу сілтемелері Kyzdar2.net, Kyzdar4.net және тағысын тағылар болып өзгеріп, жұмыс істеуін жалғастырып жатыр.