Жаңалықтар

Педагогтерді кәсіподақ қатарына кіруге мәжбүрлесе, не істеуі керек

Педагогтер кәсіподақ қатарына кіруге мәжбүрлесе, не істеуі керек/Фото: depositphotos.com

KursivMedia тілшісі бұрынғы және қазіргі Оқу-ағарту министріне педагогтерді еркінен тыс кәсіподақтарға мүше етуге байланысты не істеуге болатынын сұрады.

Мұғалімдерді мәжбүрлеп кәсіподаққа кіргізу, қызметтен тыс жұмысқа жегу жағдайлары әлі де тыйылар емес. Ұстаздар заңсыздыққа шағымданайын десе, мектеп директоры тарапынан қудалауға ұшырай ма деп қауіптенеді.

Алайда қос шенеунік те мұндай жағдайдың жолын кесудің жалғыз жолы шағымдану екенін айтады.

Экс-министр, қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заңға сай ұстаздардың құқығы заң бойынша қорғалғанын атап өтіп, олардың құқығы әркез сақтала бермейтінін жасырмады.

Ол педагогтер қызметтен тыс жұмысқа жегу жағдайлары бойынша өзіне де жүгініп жататынын жеткізіп, мұндайда тиісті министрлікке, прокуратураға шағымдануға болатынын айтты.

Сондай-ақ ол «Педагог мәртебесі туралы» заңды бұзғандарға жауапкершілікті қатаңдату бойынша арнайы нормалар дайындалғанын, оны келесі сессияда қарастыратынын атап өтті.

Депутат «педагогтерді партия қатарына еркінен тыс кіруге мәжбүрлеген жағдайда не істеу керек» деген сұраққа мұндай жағдаймен бетпе-бет келмегенін жеткізіп, жүгінген жағдайда мәселемен айналысатынын айтты.

Ал Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кәсіподаққа кіру-кірмеу мұғалімнің жеке шешімі екенін атап өтіп, мектеп басшылығы қысым көрсетіп, кәсіподаққа кіруге мәжбүрлеп жатса, әр аймақтағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне шағымдануға болатынын айтты.

«Біз бұл мәселелерді бірден тоқтатамыз. Мен кәсіподақ басшысымен кездескенде ешқандай мүдде болуы керектігін айтқанмын. Бұл жерде мұғалімдерді ешкім мүдделеуге хақысы жоқ екенін шегелеп айтамын«, – дейді министр.

Ескерте кетейік, жаңа жыл қарсаңында Семейде №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жұмыстан тыс уақытта жұмысқа жегіліп, қалалық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, басынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер науқастың бас сүйегінің жартысын алып тастаған. Оның орнына екі айдан кейін пластик қойылатыны хабарланған

Аталған жайтқа байланысты ҚК-нің 632-бабының 4-бөлігі (ауыр зардаптарға əкеп соққан билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Мұғалімдерді кəсіби міндеттерімен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол бергені үшін қала əкімінің орынбасары А. Хамзаев күдікті ретінде танылған.