
Астанадағы автобус апатының салдарынан қос аяғынан кесіп жастаған 8 жастағы Алуа Бекен жаңа оқу жылында үйден оқиды. Бұл туралы кулуарда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.
Оның сөзінше, баланың оқуын жалғастыру мәселесі оңалту шараларының нәтижесіне байланысты болмақ.
«Қолданыстағы заңға сай, бала үйден оқиды. Одан кейін оңалту нәтижесіне қарай, сабақты мектепте жалғастыру мүмкіндігін қарастыруға болады. Трагедия жуырда ғана болғандықтан, алда ұзақ процесс күтіп тұр. Әзірге нақты айту қиын. Бірінші кезекте баланың псиикалық және физикалық саулығына алаңдамуымыз керек, академиялық көмек одан кейінгі сатыда», – дейді ол.
2 маусымда Астанада жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған. Жол апатынан 15 адам зардап шеккен. Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер бір айдан соң 8 жасқа толатын Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған.
Еңбек министрінің айтуынша, кінәлі тарап апаттан кейін 19 млн теңге сақтандыру төлейтінін айтқан. Одан бөлек Алуаға бірінші топтағы мүгедектік беріліп, айына 100 мың теңге шамасында жәрдемақы төленеді. Анасы баланы күткені үшін 78 мың теңге алып отырады.
Жол апатын жасаған автобусқа иелік ететін автопарк 8 жасар Алуа мен оның бауырларының өмір бойғы шығынын мойнына алатынын айтып, кейін берген уәдесінен тайқып кеткен.