Шырша безендіріп жатқанда құлаған мұғалімнің жағдайы қалай

Былтыр Cемейде жаңа жыл қарсаңында шыршаны безендіру кезінде құлап, басынан ауыр жарақат алған мұғалім Қуат Айтқалиевтың оқиғасы бойынша тергеу әлі аяқталмаған. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне оның жары Сымбат Аянқызы айтты.
Сымбаттың сөзінше, қазіргі кезде Қуаттың жағдайы жақсы, өз бетінше жүріп-тұра алады. Бүгінге дейін екі ота жасатқан. Алғашқы алғашқы отада күйеуінің бас сүйегінің жартысын алып тастап, кейін пластик қойған.
Қуат Айтқалиев жұмысқа әлі шықпаған, алайда жалақысы төленіп отыр. Ал оқиға бойынша ашылған іс аясында әлі де тергеу жүріп жатыр.
Іс қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-тармағы (билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша ашылған. Қала əкімінің орынбасары А. Хамзаев мұғалімдерді кəсіби міндеттерімен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол бергені үшін күдікті ретінде танылған.
Ескерте кетейік, жаңа жыл қарсаңында Семейде №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жұмыстан тыс уақытта жұмысқа жегіліп, қалалық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, басынан ауыр жарақат алған.