Банк пен қаржы

Банктер клиенттерінің есепшоты туралы мәліметті Ұлттық банкке тапсырады

Банкте клиентінің есепшоты туралы есеп береді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

1 шілдеден бастап екінші деңгейлі банктер, шетелдік банктердің филиалдары, Қазақстанның Даму банкі және «Қазпошта» АҚ Ұлттық банкке қазақстандықтардың банк шоттары мен салымдары бойынша бірқатар есепті ұсынуға міндетті болады. Бұл туралы Ұлтты банктің арнайы қаулысында жазылған.

Бұл талап жалақы картасы иелерінен бастап, депозит ашқандар және қаражат аударымын жасайтын азаматтарға дейін – бәріне қатысты болмақ.

Ұлттық банк қандай ақпарат алады?

Жаңартылған ереже бойынша, қаржы ұйымдары келесі есептерді ұсынады:

  • Банк шотының (салымының) иесі туралы есеп – шот иесі жеке тұлға ма, жеке кәсіпкер ме, заңды тұлға ма, резидент пе, бейрезидент пе – соның бәрі көрсетіледі. Мәлімет шот ашылған немесе деректер өзгерген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде берілуі тиіс.
  • Банк шоты (салымы) туралы шарт туралы есеп – банктің шот иесімен байланысы туралы мәліметтерді қамтиды. Бұл есеп те 10 жұмыс күні ішінде тапсырылады.
  • Банк шоты туралы есеп – шоттың негізгі сипаттамалары көрсетіледі.
  • Банк шоты бойынша операциялар туралы есеп – бұл есеп ай сайын, келесі айдың 10-шы жұмыс күнінен кешіктірілмей тапсырылады. Онда шоттағы ақша қозғалысы мен банк міндеттемелерінің жағдайы көрініс табады.

Берілетін ақпаратта азаматтардың аты-жөні немесе ЖСН көрсетілмейді. Дегенмен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қажет болған жағдайда ЖСН немесе БСН-ді сұратуға құқылы.

Бұған дейін не айтылған еді?

Бұған дейін Қаржы министрлігі, Ұлттық банк және банктер жекелеген шот иелеріне қатысты жаңа талап енгізетінін хабарлаған. Атап айтқанда, үш ай ішінде келіп түскен мобильді аударымдар сомасы 12 АЕК-тен (1,02 млн теңге) асатын тұлғалар салық бақылауына ілігеді.