Жаңалықтар

ШҚО-ның жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 2,5 млрд теңге бөлінді

Үкімет резервінен 2,5 млрд теңге бөлінеді Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Үкімет резервінен Шығыс Қазақстан облысының жылу желілерін жөндеу және қалпына келтіруге 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.

Құжатқа сәйкес, қаражат Риддер қаласы мен Қасым Қайсенов атындағы кентте жылу желілерін жөндеуге бағытталады. Негізгі бөлігі Риддердің қатты тозған 5,9 км жылу желісін күрделі жөндеуге жұмсалады.

Сондай-ақ, Ұлан ауданы, Қ. Қайсенов кентінде ұзындығы 9 км жылу желілерін қайта жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтауға 113 млн теңге бөлінеді.

Облыстағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 55%-дан асады, ал кейбір елді мекендерде 75%-дан жоғары. Желілер 30 жылдан бері күрделі жөндеусіз жұмыс істеп келеді.

Биыл мамыр айында Риддер қаласындағы екі қазандық агрегатын жөндеу, №5 редукциялық-салқындату қондырғысына автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу және ЖЭО-ның электротехникалық жабдығын жаңартуға 1,7 млрд теңге бөлінген.

Соңғы екі жылда жүргізілген жедел жөндеу жұмыстарының арқасында Риддердегі жылу желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 66,8%-ға дейін төмендеген.

Бұған дейін Жезқазғандағы ауызсу тазарту құрылысын жаңалауға да үкімет резервінен 1,8 млрд теңге бөлінген.