Спортты дамытуға бөлінген 17 млрд теңге желге ұшқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Спортты дамытуға қанша ақша бөлді / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жоғары аудиторлық палата спорт саласына бөлінген бюджет қаражатын тексеріп, 17 млрд теңге тиімсіз пайдаланылғанын анықтады. Бұл қаражат спортшыларды даярлау, спорт түрлерін дамыту және салалық құрылымдарды ұстап тұруға жұмсалған.

2021 жылдан бастап Қазақстанда спортпен шұғылданатын халық саны 24%-ға өсіп, 8,4 миллион адамға жеткен. Бұл — ел халқының 40%-дан астамы. Осы кезеңде спортты дамытуға бөлінген бюджет те екі есе көбейіп, 153 млрд теңгеден 315 млрд теңгеге дейін өсті.

Алайда аудит нәтижелері бұл өсімнің артында бірқатар жүйелі кемшіліктер мен қаржылық тәртіп бұзушылықтар тұрғанын көрсетті.

Құжат көп, нәтиже аз

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда спортты дамытуға арналған 3 тұжырымдама, 4 мемлекеттік бағдарлама және 1 кешенді жоспар қабылданған. Бірақ спорттың жоғары жетістіктерін жүйелі дамыту жолға қойылмаған.

2020–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда жоғары жетістікті спортқа қатысты ешқандай шара қарастырылмаған. Бұрынғы құжаттардағы көптеген міндеттер орындалмай, кейінгі құжаттарға көшірілген.

Ғылыми әдістемесі жоқ

Министрлік ғылыми зерттеу жүргізбеген, спортшыларды даярлау жүйесі медициналық және әдістемелік сүйемелдеуден ада. Қай спорт түріне басымдық беру керек екені талдау арқылы емес, спорт федерацияларының мүдделеріне байланысты шешілген. Салдарынан кейбір олимпиадалық емес спорт түрлеріне көп қаржы бөлінген.

Дайындық жоқ болса да, ақша бар

Аудит 46 жазғы олимпиадалық спорт түрінің 19-ы бойынша дайындық бағдарламасы мүлде болмағанын, ал 5 түрі бойынша спортшылар тіпті іріктеу турнирлеріне қатыспағанын көрсетті. Соған қарамастан, 2022–2024 жылдары осы спорт түрлеріне 2 млрд теңге жұмсалған.

2022–2024 жылдары 11 спорт түрінен бірде-бір медаль алынбаған, ал оларға 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде іріктеу жүйесі ашық емес, цифрлық база жоқ, медициналық қызмет көрсету де ескірген.

Әкімшілік қызметкерлерге қомақты сыйақы төленген

2021–2024 жылдары «Спортты дамыту дирекциясы» әкімшілігінің қызметкерлеріне 3,5 млрд теңге сыйақы төленген. Кей кезде бұл ақша жалақы қорынан асып кеткен, ал бір адамға берілген орташа жылдық сыйақы 7,7 млн теңгені құраған. Оқу-жаттығу жұмысына қатысы жоқ адамдар да сыйақы алған.

Аудит барысында:

  • 348 млн теңге қаржы заңын бұзу,
  • 2,8 млрд теңге тиімсіз жоспарлау,
  • 13,7 млрд теңге тиімсіз пайдалану фактілері анықталған.

Сонымен бірге 56 жүйелі кемшілік пен 270 ереже бұзу тіркеліп, 157 іс әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға жіберілді.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 126 млрд теңгені тиімсіз, болашағы жоқ жобаларға жұмсағанын анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз