Wildberries иесі Татьяна Ким әлемдегі ең бай 50 әйелдің қатарына кірді

Жарияланды 30 Маусым 2025 11:03

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Америкалық Forbes журналы «байлыққа өз күшімен жеткен» 50 әйелдің тізімін жариялады. Бұл тізімге ресейлік кәсіпкер, Wildberries онлайн-ритейлерінің негізін қалаушы Татьяна Ким де енді. Ол 18-орыннан көрінді. Forbes оның байлығын 4,6 млрд доллар деп бағалап отыр.

Мұғалімдіктен миллиардерлікке

Forbes Татьяна Кимді «ең жас self-made миллиардерлердің бірі» деп атап өткен. Қазіргі таңда Ким – 49 жаста, және бұл тізімдегі 50 жасқа толмаған екі әйелдің бірі. Екіншісі – Австралиялық Canva платформасының негізін қалаушы Мелани Перкинс. 38 жастағы кәсіпкер тізімде 13-орында тұр.

Ким бұрын ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болған. 2004 жылы ол күйеуі Владислав Бакальчукпен бірге Wildberries компаниясын құрды. Бұл жоба кейін Ресейдегі ең ірі онлайн-ритейлерге айналды.

2024 жылы жұп ажырасып, бизнес те қайта бөлінді. Бұрын Татьяна Бакальчук болған Ким сот арқылы күйеуінің 1% үлесін де өзіне алып, компанияның 100% иесі атанды.

Forbes рейтингі: көш басында кімдер тұр?

Татьяна Ким енген рейтингке өз еңбегімен байлыққа жеткен әйелдер кіреді. Тізімнің алғашқы ондығына төмендегідей кәсіпкер әйелдер енген:

  • Рафаэла Апонте-Диамант (Швейцария, 80 жас) – 38,8 млрд доллар. Mediterranean Shipping Company теңіз тасымалы компаниясын күйеуімен бірге негіздеген.
  • Диана Хендрикс (АҚШ, 78 жас) – 22,3 млрд доллар. ABC Supply құрылыс материалдары компаниясының негізін қалаған.
  • Чжун Хуэйцзюань (Қытай, 64 жас) – 15,6 млрд доллар. Hansoh Pharmaceuticals фармацевтикалық компаниясын құрған.
  • Чжоу Цюньфэй (Гонконг, 55 жас) – 10 млрд доллар. Смартфондарға экран шығаратын Lens Technology компаниясының басшысы.
  • Дениз Коутс (Ұлыбритания, 57 жас) – 8,5 млрд доллар. Bet365 онлайн-гемблинг компаниясының тең иесі.
  • Джуди Фолкнер (АҚШ, 81 жас) – 7,8 млрд доллар. Epic Systems медициналық софт компаниясын құрған.
  • Ван Лайчунь (Гонконг, 58 жас) – 7,2 млрд доллар. Электронды компонент өндіретін Luxshare Precision Industry компаниясының басшысы.
  • Мариан Илич (АҚШ, 92 жас) – 6,9 млрд доллар. Күйеуімен бірге Little Caesars пиццерия желісін құрған.
  • Лин Тан (Канада, жасы көрсетілмеген) – 6,6 млрд доллар. AppLovin (онлайн ойын және маркетингтік технологиялар) компаниясының инвесторы.
  • Линда Ресник (АҚШ, 82 жас) – 6,3 млрд доллар. Wonderful Company ауылшаруашылық холдингінің иесі.

Сондай-ақ оқыңыз