Сарапшылар балалар арасында театр мәдениетін дамытудың маңыздылығы туралы айтты

Қазіргі қазақстандық балалар театры дәстүрлі пішінмен шектелмей, заманауи бағытта да қарқынды дамып келеді. Балалар театрының қазіргі бағыты мен дамуы туралы біз сарапшылардан сұрап көрдік.
Жаңа мәдени кеңістік
Театр сыншысы Ольга Малышева балалар театры иммерсивті, инклюзивті және мобильді сипатқа ие жаңа мәдени кеңістікке айналғанын айтады. Яғни театр бүгінде қызықты қойылым ғана емес, бала мен жасөспірімнің тұлғалық қалыптасуына ықпал ететін қуатты құралға айналған.
«Қазіргі балалар үшін әсер алудың көптеген жолдары бар – спорт, кино, онлайн контент. Дәстүрлі театр оларға бәсекелес бола алмайтындай көрінуі мүмкін. Бірақ бүгінгі таңда театрдың жаңа түрлері бар: иммерсивті және инклюзивті қойылымдар, спектакль-дәрістер мен спектакль-экскурсиялар. Мұндай форматтар көрерменді тек бақылаушы емес, сол оқиғаның бір бөлшегі, бірге жасампаз болуға шақырады. Қазіргі театр тәрбие құралы емес, әлемді тану мен іштей дамудың тәсілі. Осы тұрғыдан алғанда, ерекше формалар мен өзекті тақырыптарға жүгінетін балалар театры өте маңызды бола алады», – дейді сыншы.
Бас ботаникалық бақтағы көрініс
Алматыдағы Бас ботаникалық бақта биыл ерекше балалар мен олардың отбасыларына арналған иммерсивті аудиосеруен – «Бақ сақшысының құпиялары» атты жоба іске қосылған. Бұл бастама табиғатпен етене жақын болуға мүмкіндік беретін ерекше мәдени әрі танымдық жоба ретінде ұсынылып отырғанын айтады бақтың маркетинг жөніндегі директоры Баян Коспенбетова.
«Біз иммерсивті форматтағы серуендерді бұрын да жасап көргенбіз. Биыл жазда балалар Ботаникалық бақтың аллеяларымен қызықты саяхатқа шығады, өсімдіктер туралы танымдық ақпарат алады. Шығармашылық форматта біз табиғатқа ұқыпты қарау керегін жеткізіп, экожүйедегі әрбір элементтің маңызын түсіндіреміз. Променад жаз бойы тегін өтеді. Жоба 7 жастан жоғары балаларға арналған», – деді ол.
Театр және оның психологияға әсері
Балалар психологы Елена Горячева спектакльге тұрақты бару – балалардың тұлғалық және эмоциялық дамуы үшін аса маңызды екенін айтады. Өйткені актерлер мен режиссерлер ертегілерді шынайы әрі әсерлі етіп сахналайды. Яғни бала шынай эмоциямен танысады.
«Театрдағы кейіпкерлер мультфильмдердегідей бәрін шетінен қырып-жоймайды. Керісінше, баланың шынайы эмоцияларын оятады. Цифрлық дәуірде өскен балалар сырттай суық көрінгенімен, ішкі болмысы 20 немесе 100 жыл бұрынғы балалардан еш кем емес. Ертегілерде үнемі жақсылықтың орнауы, кейіпкердің қиындықтарды еңсеріп, дамуы бар – бұл балалар үшін өте маңызды тәжірибе», – дейді психолог.
Сонымен бірге театрларда қойлыатын ертегілер балалармен оңай диалог орнатып, әлем туралы шифрланған ақпаратты жаңа ұрпаққа жеңіл форматта жеткізеді.
«Ертегілерде әрдайым шытырман оқиғалар, сиқыр, кейіпкердің жалқаулықты немесе қорқынышты жеңуі, достықтың беріктігі, батылдық, адалдық, шынайы махаббат пен жақсылықтың жеңісі бар. Ең бастысы – бас кейіпкер барлық сынақтардан өтіп, ақылдырақ, батылырақ, есейіп, өз үйіне өзіндік жаңа, жақсы нұсқасында оралады. Біздің басты міндетіміз – осы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын даналықты жеткізуді тоқтатпау», – дейді Горячева.
Сапалы контент жетіспейді
Ал журналист әрі редактор Дина Устиненко балаларға арналған қойылымдардың саны көп болғанымен, контентжетіспей жататынын айтады.
«Балалар театры саласындағы таңдау өте шектеулі. Қойылымдардың басым бөлігі не кішкентайларға, не жасөспірімдерге арналған. 9–11 жас аралығындағы балаларға арналған сапалы контент жетіспейді. Келесі жас топтарына арналған ұсыныстар да әлсіз. Үлкен ұлыммен Тоталды театрға, кіші қызыммен Қуыршақ театрына баруды ұнатамыз. Балаларға театр ұнайды, және олардың осы қызығушылығы, көргенін талқылауға ынталары сөнбесін дейміз. Бұл ретте интерактивті, иммерсивті қойылымдарды сахналап жүрген режиссерлердің тәжірибесі көмектесе алады. Сондай-ақ балаларға арналған гастрольдік қойылымдардың көбірек болғанын қалар едік», – дейді ол.
Интерактивті шоулар
Kids Show ивент-компаниясының өкілі Рахим Дайыров балаларға арналған іс-шараларды ұйымдастырушылардың көрермендердің сұранысын жақсы түсінетінін, алайда гастрольдік қойылымдарды өткізу өзіне тән қиындықтармен қатар жүретінін айтады. Өйткені шетелден келетін гастрольді шоулардың бағасы әдетте қымбатқа түседі.
«Біз 3 жастан бастап балаларға арналған интерактивті шоулар дайындаймыз. Қазір жақсы, трендке сай контент жетіспейді. Шетелдік жобаларды әкелу – өте шығынды, сондықтан танымал ойындар желісімен жергілікті актерлермен қойылым қою тиімдірек. Бірақ бұл жерде авторлық құқық мәселесі туындайды. Біз шоуымызды барынша қолжетімді етуге тырысамыз, соған қарамастан, кейде зал жинау қиынға соғады. Билет аясында қосымша бонус ұсынамыз: тегін фотосессия, сыйлықтар ойнатылатын лотерея, балаларға арналған тәттілер. Алайда шет өңірлерде көрермен тарту оңай емес», – дейді Дайыров.
Сарапшы балалар театрының маусымдық сипатта дамып келе жатқанына назар аударды. Мәселен, аймақтарда билеттер шамамен 3000 теңгеден басталса, ал ірі қалаларда 3000-15 000 теңге аралығында. Маман балаларға арналған сапалы әрі қолжетімді контентті дамыту үшін демеушілік қолдау қажет деп санайды.
Цирктік қойылымдарға сұраныс жоғары
Дайыровтың бұл пікірін Freedom Ticketon компаниясының маркетинг бөлімінің жетекшісі Анна Воронина да қолдап отыр. Осы орайда сала маманы балалар іс-шарасын ұйымдастырушыларға билет құнын мұқият саралап отырып бекіту қажет деп санайды.
«Тәжірибемізге сенсек, Қазақстанда ең сәтті формат – цирктік қойылымдар. Цирк бар қалалардың бәрінде мұндай шараларға адамдар қуана барады», – дейді ол. Оның айтуынша, бұған бірнеше себеп бар: гастрольдік бағдарламалар әдетте 2–3 айға созылады, билет бағасы 2000 теңгеден басталады. «Алғашқы қойылымдарға көрермен жинау қиын, бірақ одан кейін ауызекі жарнама іске қосылады – бүкіл сыныппен келетіндер көбейеді. Балалардың театрға жиі барып, рухани дамығанын қалаймыз», – дейді спикер.
Театрға деген қызығушылықты ата-аналар оятады
Freedom Ticketon компаниясының CEO-сы Виктория Торгунакова театрдың басты артықшылығына тоқталды. Компания өкілінің айтуынша театр – тірі энергия! Мұнда көрермен қойылымға тікелей қатысып, жақсы әсер алып қайтады.
«Балалар қойылымдары коммерциялық жобалар мен гастрольдік шоулармен бәсекелесуге мәжбүр. Соның салдарынан классикалық театрлар көбіне тек кішкентай балалардың ата-аналарының қызығушылығына ие болады. Интерактивті форматта, арнайы эффектілері бар қойылымдар ұсынатын жеке театрлар әлдеқайда табысты. Алайда мұндай деңгейдегі іс-шараларға көп қаржы қажет, бұл билет бағасына тікелей әсер етеді. Көпбалалы отбасылар бірден бірнеше баланы театрға апаруға үнемі мүмкіндік таба бермейді. Сондықтан билет құны – ата-ананың шешіміне әсер ететін ең маңызды факторлардың бірі», – дейді Торгункаова.
Маман театрдың басқа жанама бәсекелестері көп екенін айтты. Олар – цирк, сауда ойын-сауық орталықтары мен саябақтар. Өйткені балалар көбіне дәл осы бағыттарды таңдайды. Сол үшін де Торгунакова театрға деген қызығушылық ең алдымен ата-аналардың бастамасымен қалыптасуы керек екенін айтады. Ал ұйымдастырушылар заманауи контент ұсынып, демеушілер тартып, тетар қойылымдарының қолжетімділігін арттыра алады. Солайша екі тараптан да баланы театр мәдениетін ерте жастан қалыптсатыруға болады.