Талғар шаруалары суармалы сусыз қалған: әкімдік екі айдан бері ештеңе жасамаған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Талғар маңындағы елдімекендер мен шаруа қожалықтары суармалы суға қол жеткізе алмай отыр / Фото: Талғар тұрғындары жіберген сурет

Алматы облысы Талғар ауданы, Талғар қаласы маңында орналасқан саяжайлар мен шаруа қожалықтары қазіргі аптап ыстықта суармалы сусыз қалған. Бұл туралы Ават және Азат елдімекендерінің тұрғындары хабарлады.

Тұрғындардың мәліметінше, Талғар қаласы маңындағы Р2 суару каналында апат болып, елдімекендер судан ажыратылған. Ал бұл канал осы аймақтағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді, шаруа қожалықтары мен 200 гектар аумақты қамтитын саяжай кооперативтерін суармалы сумен қамтамасыз етіп отыр.

Ал апат болған каналды қалпына келтіру шаралары алынбаған. Каналға жауапты «ТалғарИрригация» мекемесінің өкілдері апатты алға тартып, 2025 жылдың суару маусымына келісімшарт жасасудан бас тартқан. Су жеткізу мамыр айында басталуы қажет болған. Алайда екі айдан бері мәселе шешілмеген.

Бұдан кейін мердігер ауыстырылған. Алайда каналды қалпына келтіру жұмыстары басталмаған. тиісті құжаттар рәсімделмеген.

«Аптап ыстық (+34°C және одан жоғары) өңірде жауын-шашын мен баламалы суару көздерінің жоқтығы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Бұл – техногендік сипаттағы апатқа әкелуі мүмкін өте қауіпті жағдай. Шілденің ортасына екі-ақ апта қалды, егістік жерлер суарылмай күйіп кету алдында тұр. Біз үмітімізді үзе бастадық», – дейді ауыл тұрғындары.

Шаруалар Талғар қаласы мен аудан әкімдерімен, олардың орынбасарларымен, сондай-ақ «ТалғарИрригация», облыстық су шаруашылығы басқармасы өкілдерімен бірнеше рет кездескен. Алайда, бұл кездесулерде мәселе шешілмеген. Содан кейін тұрғындар мен шаруа қожалықтары Алматы облысының әкімдігіне, прокуратураға, Су ресурстары және ирригация министрлігіне, ТЖ департаментіне хат жолдаған. Құзырлы органдар формалды жауап қайтарып құтылған. Мәселенің шешілуі үшін ешқандай шара қолданбаған.

Orda басылымының мәліметінше, 13 маусымда Талғар аудандық ауылшаруашылық бөлімі каналда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі апта ішінде су жеткізіле бастайтынын мәлімдеген. Алайда содан бері ештеңе өзгермеген. Әкімдік тарапынан ештеңе шешілмеген соң, тұрғындар мен шаруа қожалықтарының иесі Қонаевқа әкім қабылдауына бармақ болған. Бірақ жөндеу жұмыстарына әкім бұйрығымен 35 млн теңге бөлінетіні туралы хабар келіп, шаруалар бұл ойынан айныған. Әкімдік мөрі басылған бұйрықта жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 35 млн теңге бөлінетіні туралы жазылған. Мөр болғанымен құжатта Алматы олысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолы қойылмаған болып шықты.

Сондай-ақ оқыңыз