BYD Tang сатып алған алматылық бір жылдан соң көлігінің қандай күйде екенін көрсетті

Алматылық жүргізуші Рустам BYD Tang көлігін бір жыл пайдаланып, оның батареясы мен аспа жүйесінің жағдайын көрсетті.
Гибридті BYD Tang кроссовері Алматы жолдарында бір жыл ішінде 30 мың шақырымнан астам жол жүрген. Көлік иесі бұл үлгінің артықшылықтары мен кемшіліктерін айтып берді.
Бұл туралы «Автомобили из Китая» YouTube арнасы хабарлады.
Рустамның сөзіне қарағанда, ол көлікті 2024 жылдың көктемінде сатып алған. Сол кезде BYD Tang нарыққа жаңа шыққан кезі. Көлік иесі жеке дилерлерден қуатталатын гибридті күштік құрылғысы бар ең жоғарғы комплектациясын таңдаған. Ол көлікті қалада да, тас жолда да салып ұрып айдаған.
Сынақ нені көрсетті?
Сынақ жұмыстары ең алдымен әртүрлі жағдайдағы энергия шығынын өлшеуден басталды. Алматы қаласында BYD Tang көлігі орта есеппен 100 шақырымға 12,9 кВт/сағ энергия тұтынады. Бұл толық электр режимінде. Электр тарифі 47 теңге/кВт·сағ деп алсақ, онда жол шығыны шамамен 611 теңгеге түседі.
Ал гибридті режимде – тас жолда сағатына 110 км жылдамдықпен жүргенде, жанармай шығыны 100 шақырымға 3,6 литр болған. Бензиннің литрі 275 теңге болса, осы қашықтыққа кететін шығын 1000 теңгеге жуықтайды.
Жақсы жақтары
BYD Tang көлігінің басты артықшылықтарының бірі: режимдер арасында еркін ауыса алады. Жүргізуші толық электр режимінен бастап параллель-гибридті жүйеге дейін таңдай алады. Трассада қозғалтқыш тікелей дөңгелектермен байланысады. Бұл үнемділікті арттырады және қозғалыс барысында батареяны зарядтауға мүмкіндік береді. Қала ішінде иесі тек электр тартуын пайдаланады.
BYD Tang аспа жүйесі Volvo, Toyota және Hyundai брендтерінің бөлшектерімен жартылай бірдей компоненттерден жиналған. Бұл қытайлық кроссоверді жөндеуді жеңілдетеді.
Кемшіліктері неде?
Көлік қызмет көрсету станциясындағы тексеріс кезінде мамандар аспаның қаттылығы төмендегенін атап өтті. Шебердің айтуынша, алдағы уақытта басқару ұштарын ауыстыру қажет болуы мүмкін.
Артқы тежеуіш дискілерінің қызып кеткені байқалды. Бетінде көкшіл-сұр жолақтар бар. Десе де, жалпы жүріс бөлігінің жағдайы жаман емес. Елеулі тозу байқалмаған. Көлік бір жыл ішінде айтарлықтай тозбағаны анықталды.
Тот басу белгілері байқалған
Металл сапасы туралы бөлек әңгіме қозғауға болады. Қалыңдығы мен құрылымы премиум-класқа сай келеді. Бірақ сарапшы әсіресе «сұр» дилерлерден сатып алынған көліктерге антикоррозиялық өңдеу жасауға кеңес береді. Көліктің кейбір жерлерінде тот басудың бастапқы белгілеріне ұқсас нүктелер пайда болған.
Сондай-ақ диагностика барысында қауіпсіздік жастықшасында жүйесі жиі кездесетін ақау анықталды. Бұл олқылық оңай жойылады және салдары жоқ. Электронды жүйелердің жалпы жұмысы тұрақты.
Нені білу керек?
BYD Tang үлгісінде ыңғайлы мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, олар:
– панорамалық шатыр,
– жүргізуші көмекшілері,
– цифрлы аспаптар панелі,
– алдыңғы әйнекке шығатын проекция.
Олқылықтарына келсек, бұл:
– электроникадағы ақаулар,
– бензин сапасына сезімтал қозғалтқыш,
– қауіпсіздік жастықшалары жүйесіндегі жүйелі қателер,
– үдеу кезінде динамиканың баяулығы.
2025 жылғы нарықтағы жағдай
2025 жылы BYD Tang жаңартылып, жаңа нұсқасында толық жетекті жүйе алынып тасталды. Оның орнына «Құдай көзі» – Eye of God жүйесі енгізілді. Толық жетекті нұсқаны қалайтындар үшін BYD Tang L моделі бар. Ал ықшам көлікті ұнататындарға BYD Song Plus ұсынылмақ.
Шолу авторының пікірінше, 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанға гибридтер мен электромобильдерді кедендік баж салығы мен ҚҚС-сыз әкелуге болады. 2026 жылдан бастап ҚҚС 12%-дан 16%-ға дейін өседі. Сондықтан қытайлық электромобильдерді сатып алуға алдымыздағы айлар қолайлы болмақ.
Мұның алдында Қазақстанда ең көп сатылған қытай көлігі туралы хабарлаған едік.