Қостанайда ұрыны ұстаған бұрынғы дзюдошы әйел Қарлығаш Абдрахманова марапатталды

Қостанай тұрғыны Қарлығаш Абдрахманова ауруханаға ұрлыққа түсіп жүрген ұрыны жалғыз өзі ұстап, полиция тарапынан марапатқа ие болды.
Бұл туралы Қостанай облыстық полиция департаменті хабарлады.
Қарлығаш Абдрахманова – бұрынғы дзюдошы. Қазіргі кезде «Қостанай ЦТО» кеден бекетінің қызметкері. Ол ауруханаға анасының көңілін сұрауға келген. Кезекте дәрігерді күтіп отырған кезде, қолында телефон мен әмиян ұстап бара жатқан бейтаныс ер адамды байқап қалған.
Жақынырақ қарағанда, бұл заттардың өзінікі екенін байқаған.
Бұл заттарды қайдан алғанын сұраған кезде, күдікті тұра қаша жөнелген. Алайда Карлығаш әбжіл қимылдап, ұрыға қарсы дзюдо тәсілдерін қолданады. Лақтырып, жығып алып, полиция келгенше қашырмай ұстап тұрған. Қарсыласқанда, ауырту әдістерін пайдаланған.
Күдіктінің ауруханаға келіп, бірнеше мәрте ұрлық жасағаны анықталып отыр.
Полиция департаменті Қарлығаш Абдрахмановаға «азаматтық белсенділігі мен құқықтық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін» алғыс білдірді. Оған құрмет грамотасы мен естелік ретінде сағат сыйлады.
Марапатты полиция полковнигі Болат Иманов табыстаған.
«Оның бұл әрекеті – нағыз азаматтық ерліктің үлгісі. Қарлығаш – өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сондай-ақ қызметтен тыс уақытта да батыл шешім қабылдай алатын жан», – делінген полиция басқармасының хабарламасында.
Мұның алдында Алматыда батыл полицейдің жүйткіп бара жатқан мопед ұрысын жалаң қолмен ұстап алғанын жазған едік.